«Ұлы даланың жеті қырынан» түйген ой

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын осы мақаланы оқу үстінде «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі мынадай бір эпизод ойға оралды. Онда Бейбарыс бабамыз: «Мен кіммін? Қайдан келдім? Қай жерде бөтенсің демейді?» дейтін сауалдар қояды. Әрине, оның жауабын Сұлтан сол арада алып та үлгереді. Бірақ ол қаншалықты толық, жан-жақты жауап еді. Әлі де болса осы сұрақтар әрбір қазақтың, тұтас бір ұлттың көкейінде жүргендей әсер қалдырады. Ал оның тұшымды да тұжырымды жауабы қайтсе табылады? Ол үшін не істемек керек? Міне осы мәселелер «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында молынан байыпталған. Атап айтқанда, тарихи тақырыптың түпкілікті шешімі Алтай мен Атыраудың арасындағы алып жазықта кеңінен көсілген Ұлы даланың жеті қырын қаншалықты тани алуымызға қарай ашылатынын ұқтырады. Екі бөлімнен тұратын мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталатын бірінші бөлімінде Ұлы даланың жеті қыры айқындалады. Соның ішінде жылқыны қолға үйретудің алғашқы тұсының қазіргі қазақ жеріне тиесілігі, «мұздай темір құр­санған атты әскер» қару-жарағының құралар шағы да осы даланың еншісінде екені екшеледі. Қазіргі Қазақстан жерінде ежелден металл өндіру ісі қолға алынғаны; аң стилі өнерінің қалыптасып-дамуы; «Алтын адамның» табылуы; Алтайдың күллі түркі халықтарының алтын бесігі саналатыны; Ұлы Жібек жолының экономика мен мәдениеттің өркендеуіне қосқан үлесі; Қазақстанның алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екендігі тұжырылады.

«Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші бөлімге келсек, онда «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау; «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу; «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жандандыру; «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу; «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және тех­нологиялар музейін ашу; «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру; «Дала фольклорының антологиясын» жасау; «тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керектігі» сынды ауқымды жобалар қаралған.

Аталған жобалардың жүзеге асуы, бүтіндей бір ұлттың баянды болашағының бүгінгі жаһандану үдерісінен бүлінбей өтуіне бірден-бір себеп болатынын жақсы ұғынсақ керек. Ақпараттар ағыны салтанат құрған үстіміздегі ғасыр небір жақсылықтарымен қоса, тікелей азғындыққа алып баратын жат мінез-құлықтарды да қымсынбай бірге ұсынуда. Оның оң-терісін айырып, өзінің бойына тиесіліні саралай алатын саналы, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу үшін де, Ұлы даланың жеті қыры төңірегіне топтастырылған игі істерді үдемелете ілгерілету керек. Әсіресе, жастарды тұлғаландыруда тарихи көркем фильмдердің алатын орны зор. Сондықтан зерделі зерттеушілеріміз бен осы саладағы майталман азаматтарымыз алтын уақыттарын Шыңғыс қағанның шыққан тайпасын анықтауға емес, Ұлы қолбасшы әскерлері сапында ерлік көрсеткен сайыпқыран саңлақтарымызды дәріптеуге жұмсағаны жөн болар. Қалың қазақтың басын қосып, еңселі ел ете алған айбарлы хандарымыз бен дана билерімізді, жауына қарсы тайсалмай шапқан ержүрек батырларымызды өз деңгейінде насихаттай алсақ, жастарымыздың жалынды да жігерлі болып жетілуіне негіз салынбақ. Себебі, кешегісімен мақтана алмайтын жастың ертеңіне ерлене қарай алуы да неғайбыл. Ал, болашағын баянды еткісі келген әркімнің бүгінін бекемдей түсуі керектігі және аян.

Қазақ «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» дегенді білгеннен айтқан. Әйтпесе, қылдай кітапшаға сыя қалған Қазақстан тарихының тұрымтайдай қораш түріне қарап, ол оқулықтың бізді тұшынта қоймайтынын әуелден, сонау мектеп партасындағы сәттерімізде-ақ сезіп ек қой. Алайда ұланғайыр жерді иемденген ұлттың бұрынғы тарихы да ұлы болуы тиістігін, сол халықтың басшысының айтуының жөні бір бөлек. Бұндай елдік ерек мәселелер дәл осылай билік деңгейінде көтеріліп, күллі халықтың қолдауын тауып жатуы, одан кешіктірілмей іске асырыла бастауы қалайда өз жемісін бермей қоймайды.

Сайып келгенде, Ұлы даланың жеті қырын сараптаған бағдарламалық мақаланы қорытқан «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деген ұстанымды басшылыққа алған елдің ертеңі де жарқын демекпіз.

Құрбанәлі Елмұратов,

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы