1 Наурыз — «Алғыс айту күні»

Алтын алма, алғыс ал, алғыс деген ел – сыйы.
«Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту парыз»
Ж. Баласағұн

 

Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.

Тарихта ең бірінші алғыс айту күні АҚШ және Канада халықтары қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтілген екен. Көз алдыңызға америкалық бақытты отбасылардың дастарқан басына жиналып, дәмді бәліштер мен күрке тауық етін жеп отырған сәті келді ме? Алайда, бұл мереке дастарқанмен ғана шектелмейді. Мерекенің ешбір дінмен байланысы жоқ, адамдар тек қана әрбір күн сайын не үшін рақмет айту керек екендігін ойланады. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл — күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді.

Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.

Әрине, мереке біздің менталитетке сай емес деушілер табылар. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рақмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек артық етпейтін секілді. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатады.

Осы мерекеге орай 1 Наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында Академия КОФ 2-курс 208-оқу тобының курсанттары мен топ жетекшісі құттықтау мақсатында арнайы дастархан жайып бір-бірін құттықтады. Мерекелік дастархан басында әр курсант бір-біріне алғыстарын жеткізіп, мерекелерімен құттықтады. Топ курсанттары осы уақытқа дейін өздеріне тура жол көрсетіп, аналық мейірімімен бар білгенін бөлісіп келе жатқан топ жетекшісіне үлкен алғыстары мен ізгі тілектерін жеткізді. Мерекелік дастархан соңында топ болып естелік суретке түсумен аяқталды.

208 оқу тобының кураторы

Арстанбаева Б.Б: