«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналған дөңгелек үстел

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала – әр қазақтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялататын әрі еңсесін тіктеп ұстауға серпін беріп, ұлттық рухты көтеретін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы. Елбасы өзінің мақаласында төл тарихын білетін, бағалайтын жә­не мақтан ететін халықтың болашағы зор бо­лады деп сенетінін және өткенін мақтан тұ­тып, бүгінін нақты бағалай білу және бо­лашаққа оң көзқарас таныту — елі­міз­дің табысты болуының кепілі екенін халқымызға паш етті. Жалпы аталмыш бағдарламалық мақала әрбір қазақты біздің қызыққа толы, ауқымды тарихымызды білуге, дұрыс түсінуге шақырады.

Осы философиялық бағдарламаны дәріптеу үшін, дұрыс тарихи көзқарасты қалыптастыру мақсатында, әрі Елбасы Н.Ә. Назарбаев «2019 жыл – Жастар жылы» деп жария еткендей Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен 2019 жылдың 22 ақпанында Қостанай халық Ассамблеясының мүшелерінің, Қостанай қаласының барлық Жоғары оқу орындары студенттерінің, Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналған дөңгелек үстел өтті. Ауқымды іс-шараға біздің де оқу орнымыздың,  яғни Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Күндізгі және сырттай оқыту факультетінің 3 курс курсанттары қатысып келді.

Жалпы, бұл дөңгелек үстел  — жаңа 2019 жылдағы Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесулердің бірі. Дөңгелек үстелдің ашылуында ҚХА Кеңесінің мүшесі, ғылыми-сараптамалық топ төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Б. Бекмағамбетов сөз сөйледі.
Жоғарыда атап өткендей, Елбасымыз ағымдағы жылды Жастар жылы деп атағаннан кейін, елімізде жастарға ерекше назар аудартылуда. Өз кезегінде еліміздің саналы, кәсіби жастары өздерінің білімдерін тереңдету мақсатында, елімізге деген жастардың ұлы патриоттық рухын арттыру үшін осы бағытта көптеген идеологиялық іс-шаралар ұйымдастырып  креативті ойларымен, жобаларымен бөлісуде. Осы орайда елімізде жоспарланып және ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шаралар жастарға арналып жатқанын ескерген жөн.

Кездесу барысында әрбір Жоғары оқу орынның өкілдері аталған бағдарлама аясында жазылған мақалаларын дөңгелек үстелдің қатысушыларына жариялады. Мақала жариялысымен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы төңірегінде пайда болған көзқарастар мен мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстел қатысушыларына аудитория тарапынан түрлі сұрақтар қойылып жатты.

Қорытындылай келе, Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілген ауқымды іс-шара жоғары деңгейде, заманауи форматта өткізілді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты — әрбір болашақ ұрпақты өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, тарихын, ұлттық құндылығын қастерлеп, оның болашағының дамуына өз үлесін қосуына тәрбиелеу болып табылады. Іс-шараның соңында Ә.Б.Бекмағамбетов дөңгелек үстел қатысушыларын сертификаттармен марапаттап, жастарға әрдайым биік белестерден көріне беруге, дұрыс тарихи көзқарасты қалыптастырып, тамыры тереңге кеткен еліміздің тарихын, еліміздің жеті қырын әлемге паш етуге тілек білдірді. Осындай ауқымды, маңызы зор іс-шараға қатысқанымыз үшін біз де өте қуаныштымыз. Жас мемлекетіміздің біз білмейтін сырлары мен қырларын ашып талқылауға әрқашан дайынбыз десек те болады.

 

3 курс курсанты, полиция кіші сержанты

Э. Канатчина