Қысқы емтихандық сессия қорытындысы бойынша 3 курс жеке құрамының Академия басшылығымен кездесуі

2019 жылдың 8 ақпанында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында Сырттай оқыту және Күндізгі оқыту факультеті 3 курс курсанттарының Академия басшылығымен дәстүрлі кездесуі өтті. Бұл кездесу 3 курс жеке құрамының 5 оқу семестрінің қорытындылары бойынша қысқы емтихандық сессия нәтижелерін талдау үшін, сондай-ақ курсанттардың қысқы демалыс уақытының аяқталуына байланысты Академия аумағына келулері бойынша ұйымдастырылып өткізілді. Аталмыш кезекті кездесуге Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Ж. Нурушев, Сырттай оқыту және Күндізгі оқыту факультетінің бастығы, полиция полковнигі Г.Т. Құлжанова, 3 курс жеке құрамының аға-әдіскері, полиция майоры  Б.Альпеисов, Білім сапасын мониторингілеу және бақылау (бағалау) бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Қ.Қарабеков, КЖБ жеке құрам бойынша инспекциясының қызметкерлері полиция майоры Ж. Муслипов,  полиция капитаны А. Альназаров, 3 курс басшылығы және оқу топтарының жетекшілері қатысты.

Бұл дәстүрлі кездесудің негізгі мақсаты  өткізілген қысқы емтихандық сессия қорытындыларын талдау және курс бойынша үлгерімі төмен курсанттармен жеке сұхбат жүргізіп, алдағы уақытта оқу процесінде жақсы көрсеткіштер көрсету үшін курс ұйымының Сырттай оқыту және Күндізгі оқыту факультетімен бірлесе отырып жасалатын жұмыстарымен іс-шараларды қарастыру.


Кездесу барысында- Білім сапасын мониторингілеу және бақылау (бағалау) бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Қ. Қарабеков барлық кездесуге қатысушыларды 3 курс жеке құрамының қысқы емтихандық сессия қорытындыларымен таныстырып өтті. Емтихандық сессия нәтижелері бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған курсанттар орындарынан тұрғызылып, аталмыш баға алудың жағдайлары мен себептері анықталды. Содан кейін 3 курс бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Т.Г. Баймаганов курстың моральдық ахуалын, сондай-ақ 3 курс жеке құрамының қысқы демалыстан оқиғасыз келіп жеткендері туралы хабарлады. Сондай-ақ жеке құрам бойынша инспектор, полиция майоры Ж. Муслипов әскери-қызметтік тәртіптің сақталуы туралы және оқу жылының басынан бастап тәртіптік жазаға тартылғандар туралы баяндады. Өз кезегінде Академия бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Ж. Нурушев курсанттарға оқу орнымызда оқып жүрген әрбір болашақ Ішкі істер органдарының қызметкерлері жан-жақты, яғни дене дайындығы дамыған, білімді, моральдық тұрақты, патриоттық рухы биік, адамгершілік қасиеттері жоғары тұлға болу қажеттілігін атап өтті.

Кездесу соңында, Академия басшылығы жаңа оқу семестрінде курсанттарға оқу процесінде, сонымен қатар әскери-қызметтік тәртіпте де алда болуларына тілек білдірді.

3 курс курсанты полиция кіші сержанты

Э. Канатчина