«МӘДЕНИЕТ УНИВЕРСИТЕТІ» АЯСЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН «МӘДЕНИЕТТІҢ ТУЫ – ТІЛ» САБАҒЫ

Мәдениет – табиғат объектісіндегі адамның әрекеті арқылы жасалатын өзгерістер. Бұл сөзде адам еңбегінің ерекшелігі, оның адамның іс-әрекетімен байланыстылығы, адамның және оның қызметінің бірлігі негізделген. Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол – өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс.

Ал, тіл мәдениеті – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы.

Академия басшысының ұшқыр ойымен құрылған академия жанындағы «Мәдениет университетінің» үш құрылымының бірі – мәдени-эстетикалық тәрбие болып табылады.

Осыған орай ағымдағы жылдың қараша айында «Мәдениет университеті» академиялық жобасы аясында күндізгі оқыту факультетінің І курс, 105-оқу тобының курсанттарымен «Мәдениеттің туы – тіл» тақырыбында кезекті сабақ өткізілді.

<

Сабақ «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді» деген аталы сөзбен басталды.

Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірегейі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, барлық қаракөз бауырларымыздың өз ана тілінде сөйлеуіне қол жеткізу. Тек тіл үйренуде ұмыт болып бара жатқан шаруа балабақша, үй, мектеп, жоғары оқу орындарында ұл-қыздарымызды тілдік қоры бай қазақ тілінде сөйлеу мәдениетіне үйрету. Содан, үйде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да бірқатар жастарымыздың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанында, әңгімелескенінде қалай болса солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады. Олай болса, шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті, ауызша, жазбаша сөйлеу – әдептіліктің биік шыңы.

Сабаққа қатысып отырған курсанттарға өмір, тіршілік адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауын қажет ететіні, олардың түсінісудегі негізгі құралы – тіл. Әр адам дұрыс сөйлей білуі, сөйлесу мәдениетін меңгеріп, оны өз бойында қалыптастыра білуі тиістігі. Қарым-қатынас адамдардың отбасымен, өскен, араласқан ортасымен, елімен, жерімен, дәстүрі, мәдениет қазынасымен етене әрі жанды байланысы. Қарым-қатынаста адамдардың жан дүниесі, өмір тіршілігіндегі бейнесі көрінетіндігі. Әдеп – сөйлесудегі, пікірлесудегі мәдениет тірегі. Мәдениет – адамдардың рухани және материалдық, білімдарлық пен сезімталдық қасиеттер аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Мәдениеттің туы – тіл, ол адамзаттың мұратымен астасып, сол ұлтпен бірге пайда болып, дамып отыратындығы. Өз тарихын, ұлттық дәстүрін, туған жерін, тілін қадірлей білген адам ғана мәдениетті болатындығы. Сөз мәдениеті – сөзді орынды қолданып, қиюластырып, үндестіріп айта білу, емле мен тыныс белгілері ережелерін дұрыс сақтау, тілдің ғасырлар бойы сақталып келген көркемдігі мен тарихын, әсемдігін сақтай білу екендігі айтылды.

Өткізілген сабағымды қорытындылай келе, сөйлеу мәдениеті өспейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жетуге болмайтындығы сөзсіз. Олай болса, ұлы Абай: Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас, – деп таңырқап, тағзым еткен тіл – мемлекеттік тіл, ана тіліміз, қазақ тілінің қадірін ұғынып, мәртебесін көтеріп, қастерлей білейік!

Тілдер кафедрасының аға оқытушысы,

полиция подполковнигі

Е.Қ. Деріпсалдин