Академияда латын қарпінен алғашқы жалпыхалықтық диктант өтті


Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен 2018 жылғы 27 қыркүйектегі Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы хаттамасының 2-тармағына сәйкес «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын түсіндіру, практикалық тұрғыда меңгеруін нақтылай түсу мақсатында, ағымдағы жылғы 14 қараша күні сағат 11.00-де барлық өңірде бір мезетте Жалпыхалықтық диктант жазуды ұйымдастыру жоспарланған болатын.

Осы игі шараның жоғары деңгейде өтуіне Академия ұжымы да өз үлесін қосты. Белгіленген күні, көрсетілген мезетте күндізгі оқыту факультетінің курсанттары мен академия қызметкерлері қолдарына қаламдарын алып, диктантқа кірісіп кетті. Тақырыбы – «Рухани жаңғыру». Негізінен қысқа, жалаң сөйлемдерге құрылған. Алдын ала тыңғылықты түрде әзірленген аудио-таспа нұсқасындағы диктанттың мәтінін латын қарпімен қағаз бетіне түсіру әріптестерімізге аса қиындық туғыза қойған жоқ. Әйтсе де, біткен жұмысқа көз салғанымызда, кейбір әріптестеріміздің қаламы бұрыннан келе жатқан таныс сүрлеуіне бұра тартып, кей таңбаларды кирилше өрнектегенін байқадық. Әрине, бұл уақытша ере жүретін дағды. Көш жүре келе, өзінің сара жолына түсетіні бесенеден белгілі.

Сонымен, сең қозғалды. Халықтың санасында хатты латын қарпінде жазудың ауылы алыс еместігін сездіретін сәуленің ұшқыны жарқ етті. Бұл – тарихи маңызы орасан зор, ұлы істің бастамасы, алғашқы қадамы. Ендеше, аталған шараға белсене қатысқан шәкірттеріміз бен әріптестерімізге және қызметкерлерімізге қазақ тілі сабағын оқытып жүрген білікті ұстаз – Гүлмира Талғатқызына айтар алғысымыз шексіз.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі