«Мерейтойлық альманах»


Академияның жалпы кітапханасының оқу залында халқымыздың  атақты ақын-жазушыларының мерейтойы қарсаңына орай, «Мерейтойлық альманах» атауымен үлкен кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мерейтойлық альманағымыздың әр тарауы халқымыздың бір туар ұлдары мен қыздары «Сегіз қырлы бір сырлы дарын» — Жүсіпбек Аймаутовтың, «Күрескер ғұмыр» — Сәкен Сейфуллиннің, «Лирик ақын» — Ілияс Жансүгіровтің, «Поэзия патшайымы» — Фариза Оңғарсынованың өмір жолдары мен шығармашылық еңбектеріне  арналған.

Көрменің мақсаты — оқырмандарды қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген, халқын білім алуға үндеген қайсар ұлдарының шығармашылықтарын насихаттау, ұрпақ жадында сақтау, поэзия әлемімен сырласуға үндеу.

Библиографиялық шолуда кітап көрмесінен Жүсіпбек Аймауытовтың «Жаман тымақ»: өлеңдері мен әңгімелері, Қазақ балалар поэмасының антологиясы; Сәкен Сейфуллиннің «Тернистый путь», Т. Кәкішев, К. Садыққызы «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры», «Бандыны қуған Хамит»  (қазақ және орыс тілінде); Ілияс Жансүгіровтің «Құқ»: фельетондары мен сықақ әңгімелері, «Құлагер» поэмасы, шығармалар жинағы; Фариза Оңғарсынованың «Сандуғаш», «Дауа», Ақұштан Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты естелігі және т.б. баспасөз материалдары орын алды.

Кітапханашы  Г. Михайловская мен библиограф Р. Нұрханова академия курсанттарына  кітап көрмесі бойынша қазақ әдебиеті тарихындағы аса көрнекті ақын-жазушылардың үлкен өмірлік, шығармашылық жолдарына библиографиялық шолу жасады. Шолу барысында ақын-жазушылардың еңбегіне қызығушылық танытқан курсанттардың бірі А. Қилыкешов:

«Поэзияны өте жақсы көремін. Ол анамның ақ сүтімен бойыма дарыған. Мен Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін сүйсініп, қызыға оқимын. Тіпті кейбір өлеңдерін жатқа білемін»-деп ағынан жарылды.

Академик  С.Қирабаев сөзімен айтсақ: «Көркем әдебиет те өнердің басқа түрлері сияқты  адам сезімін билеп, оның ақылына әсер етеді. Ол сезім мен ойды ғана өсіріп қоймай, адамды өмір тәжірибесімен байытады, әдебиетіміздің жас ұрпаққа өмір таныту мен білім үйретуде қызметі өте зор».

Жалпы кітапхана