Курсанттар «Дельфин» сәбилер үйінде

Дана халқымыз ертеден «жетім көрсең жебей жүр» деп жетімін жылатпаған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 103 оқу тобының курсанттары қызметтік борышынан тыс игілікті іске де көп көңіл бөледі.

«Жетім қозы – жатбауыр, жетілер де отығар» демекші, 2018 жылдың 27 қазанында (сенбі күні) «Дельфин» сәбилер үйіне курсанттар өз ықыласын танытып, азды-көпті болсада өз тараптарынан қамқорлық жасап, ерекше ықыласпен көмек көрсетті. Дәлірек айтар болсақ, сәбилерге көңіл бөліп сыйлықтарын сыйлап, сәбилер үйінің ауласын тазалап, өзге де шаруашылыққа қол үшін тигізді.

Өкінішке орай, қазіргі таңда жетімдер үйінде жанары жасты, жүрегі жүдеу бейкүнә сәбилер көбеюде. Ер жеткізіп, ел қатарына қосатын қамқорлық таныту мемлекеттің маңызды міндеті болып табылады. Біздің әрқайсымыз сол мемлекеттің бір бөлшегіміз. Қайсы-қайсымыз болсада қолдан келгенше көмек қолын созсақ, соғұрлым жамандық атаулыдан алшақ болатынымыз айдан анық. Бұл орайда, академияның жасаған игілікті істері мен көрсеткен қамқорлығына дәлел жетерлік.

«Дельфин» сәбилер үйінің ұжымы өз тарапынан алғыстары мен ризашылықтарын білдірді. Әрбір адам баласы бұл дүниеге жетім болу үшін келмейді. Сондықтан да қатыгездікке жол бермей, жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеген абзал! Болашақ бүгіннен басталады!

ҒЗО ғылыми қызметкері

полиция капитаны

А. Әбдәлі