3 курс жеке құрамының Академия басшылығымен кезекті кездесуі

2018 жылдың 10 қазанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында 3 курс жеке құрамының Академия басшылығымен кезекті кездесуі өтті. Аталмыш кездесуге Академия бастығы полиция генерал-майоры М. Қызылов, Академия бастығының көмекшісінің міндетін атқарушы полиция подполковнигі А. Күсеубаев, 3 курс басшылығы, күндізгі оқыту факультетінің аға әдіскері, полиция подполковнигі С. Макарова, тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, полиция майоры Р. Аужанов, жеке құрам бойынша инспектор және оқу топтарының жетекшілері қатысты. Жалпы кездесудің негізгі мақсаты – Елбасының халыққа  Жолдауындағы полиция қызметкерлері жайлы қарастырған мәселелерді курсанттарға дұрыс жеткізе білу, ұғындыру, қызметтік тәртіпті барынша нығайту, тәртіптік құқық бұзушылықтарды болдырмау және заңдылықты қатаң сақтау, оқу процесіндегі білім сапасын арттыру болып табылады.

Кезекті кездесу барысында Академия бастығы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Құқық қорғау қызметіне, соның ішінде Ішкі істер органдарына қатысты келелі мәселелер жайлы айтып кетті. Сонымен қатар, оқу орнымызда Тәрбие жұмысы бөлімімен ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік үйірмелер мен іс-шаралар жайлы мәселелер қарастырылды.
Академия бастығы оқу процесі мәселесін көтеріп үлгерім көрсеткіштері төмен курсанттарға ерекше тоқталып, оқу орнымыздың қабырғасында жоғары әрі сапалы білім алып жүрген әрбір курсант Ішкі істер органдары қызметкерлеріне лайықты болуы тиіс және өздерінің қызметтік міндеттеріне саналы түрде үлкен жауаптылықпен қарап,  қызметтік тәртіпті сақтаулары тиіс екендерін атап өтті. Сондай-ақ, ең басты мәселелердің курсанттардың арасындағы сыйластық және адамгершілік қасиеттері мен құндылықтарының сақталуы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші барлық аталып кеткен  өзекті мәселелерді шешу жолдарына келер болсақ, Тәрбие жұмысы бөлімінің және оқу топтары жетекшілерінің курсанттардың өміріндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыруда атқаратын рөлі өте зор.

Кездесу соңында Академия бастығы курсанттармен жеке сұхбат жүргізіп, курстың саптық және оқу бөлінісі бойынша старшиналардың өзіндік ой-пікірлерін, курстың қазіргі ахуалын, моральдық-психологиялық жағдайларын сұрады. Сондай-ақ, курс белсенділерімен оқу процесіндегі білім деңгейін арттыру және тәртіптік құқық бұзушылықтарды алдын алу бағытындағы жоспарлар талқыланып,  ұсыныстар тыңдалды.

3 курс баспасөз қызметі,

полиция қатарындағы

Канатчина Э.