ТЕАТР ӘЛЕМІМЕН ТАНЫСУ

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академия – жаңа ізденістермен, талпыныстардың мекені. Күннен күнге өтіп жатқан қызықты сәттер, 1 курс курсанттары үшін жаңа әлемнің табалдырығын аттағанмен тең дәрежеде.

Бүгін, 2018 жылдың 26-шы қыркүйек күні Академиядағы «Мәдениет университеті» аясында академия акт залында Ілияс Омаров атындағы қазақ-драма театрының актерларымен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты курсанттарды, яғни болашақ офицерлерді рухани жағынан дайындап, қоғаммен тығыз байланыс жасауды үйрету.

Кездесу барысында курсанттар өзіне жаңа есімдерді ашып, біле-бермейтін заттармен кеңінен танысты. Аслан Кенжетай, Диана Тұрсынова, Қуаныш  Манатұлы өздерінің театр жайлы ойларын айтып, сахна сыртындағы қызықты оқиғаларымен бөлісіп, курсанттардың көңіліне шабыт сыйлады. Тек қана қызықты жайыттар емес, оның ішінде театр тарихымен де таныстырып үлгерді.

Сонымен қоса айтулы кездесуге Академияның тәрбие жұмысы бөлімі қызметкерлері де қатысып, жалынды жастарымызға қиың жолдың ауырлықтарын түсіндіруге тырысты. Кездесу барысында мамандық жайлы, өнер адамдары жайлы ауқымы үлкен сөздер қозғалды.

Қазіргі кезде жастар қауымы рухани азығын байыту үшін театрларға барып, шабыт алса, олардан рухы мықты, тұлғасы биік, жалынды ұрпақ шығады деп сенеміз. Курсанттардың кездесу барысынан алған әсерлері ұшан-теңіз. Үнемі өздерін мықты, күшті жағынан ұстауға тырысатын болашақ офицерлерді, театр, жұмсақ, әрі жан дүниеге тыныштық сыйлайтын жалғыз жер болары сөзсіз.

1 курс курсанты

полиция қатарындағы

А. Бакбаева

Фото: С.М. Камалов