Жеңімпаз курсанттарға “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағы табысталды

Қыркүйек айының 10 – ы күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қарағанды облысы, Теміртау қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатында және Қостанай академиясында өткізілген жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанған курсанттарға Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 14 – тамыздағы № 254 бұйрығына сәйкес “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағы салтанатты түрде табысталды. Марапаттау сәтінде академия бастығы полиция генерал – майоры Қызылов Мирлан Ахмедияұлы спорт шебері атанған курсанттарды алған атақтарымен құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруларын тіледі, сондай – ақ қалған курсанттарды да осындай дәрежеге жетулеріне тілек білдірді.

Ал ендігі осынау атаққа қол жеткізген курсанттарымыз жайын айта өтсек, Теміртау қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатының жеңімпазы атанғандар 4 –курс курсанттары 82 келі салмақта Оразымбет Бексұлтан, 90 келі салмақ дәрежесінде Болатов Бахтияр, 100 келі салмақ көрсеткішінде Қожабеков Қажығали және 3 – курс курсанты 100 келі салмақта Сәбит Жан болса, сонымен қатар жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында 82 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған 4 – курс курсанты Құрбан Нұрболға академия бастығы “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағын өз қолымен табыстады.

Қазіргі таңда бұл курсанттар Жауынгерлауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының қызметкерлері полиция подполковнигі Өтенов Бағдат Каменұлы, оқытушы Акильбеков Айдарбек Абдуғалиұлы, полиция подполковнигі Таңқыбаев Руслан Сайлауұлы және полиция майоры Кабидуллинов Ержан Айтбайұлының қол астында жаттығып, алдағы бәсі биік жарыстарға дайындалуда.

 

4 – курс курсанты

Тұрсынбай Думанжан