Академияға оқуға келген тәжік азаматтарымен кездесу өткізілді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына Тәжікстан Республикасынан оқуға түсуге 10 тәжік азаматтары келді.

Академияның күн тәртібімен, алдағы болатын қосымша емтихандармен таныстыру және курсанттар арасында өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыру, әскери тәртіпті сақтау мақсатында Тәжікстан Республикасының Әділет министрлігі Кадр жұмысының бас басқармасы бастығының орынбасары әділет полковнигі Рустам Кушмуратұлы Байбалаевтың, Академияның кадр жұмысы бөлімінің бастығы А.К. Ибраевтың, тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Р.Қ. Аужановтың, кадр жұмысы бөлімінің жеке құрам бойынша инспекциясының бас маманы Ж.А. Муслиповтың, жетекші бөлімінің бастығы Б.А. Каленовтің, күндізгі оқыту факультетінің 1 курс бастығы М.С.  Мурзагалеевтың қатысуымен ресми кездесу ұйымдастырылды.


Кездесу барысында Академия бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Е. Қаппасов келген қонақтарға сәттілік тілеп, Тәжік елінен келген талапкерлерге қазақ елінде білім алып, екі елдің адал азаматы болуға шақырды. Сонымен қатар,  бүгінгі таңда Қазақстан мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің қылмыстық-атқару саясатын жүзеге асыру аясында екі елдің өзара әріптестік қарым-қатынас жұмыстары жемісті атқарылып жатқаны, және де осы уақытқа дейін Тәжік елінен Қостанай академиясына  жыл сайын талапкерлер оқуға түсіп оқуларын ойдағыдай аяқтап, өз елдерінде  жемісті еңбек атқарып отырғаны туралы айтылды.


— Құрметті жерлес талапкерлер, Сіздер бүгін алғаш рет Қазақ еліне ат басын бұрып, келдіңіздер. Сіздердің міндеттеріңіз алдағы тұрған емтихан сынақтарынан сүрінбей өтіп, Қостанай академиясының курсанты атануларыңызға тілектеспін. Сондықтан Сіздер өзге елде жүрсеңіздер де Тәжік елінің туын биік ұстап, құқық бұзушылыққа жол бермей, елдің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін — деп Рустам Кушмуратұлы сөз сөйледі.

Кездесу соңында келген қонақтар Академия ұжымына естелік сыйлықтар табыстап, болашақта екі елдің арасында бұдан да тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жасала беретініне сенім білдірді.

 

Тәрбие жұмысы бөлімі.