Екі ғасырдың куәгері — Михаил Степанович 100 жаста

Ұлы Отан Соғысының ардагері, Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің зейнеткері, ішкі қызмет майоры Михаил Степанович Кондратенко 17 шілде күні жүз жасқа толды.

Атамызды мерейтойымен құттықтау үшін Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өзі қызмет еткен Қостанай облысы бойынша ҚАЖД бастықтың орынбасары әділет полковнигі Болат Байжанов, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов және Қостанай қаласы әкімдігінің қызметкерлері үйіне барып арнайы құттықтады.

Атамызды құттықтауға барған барлық қадірменді қонақтар өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын көрсетті. Өз құттықтауы мен сыйлығын берген Ербол Төлегенұлы Михаил Степановичке;

-Құрметті Михаил Степанович  Сіздің өміріңіз кейінгі ұрпаққа өнеге, келер ұрпаққа ұмытылмас тарих боларына кәміл сенеміз. Сіздің сұрапыл соғыстағы ерлігіңіз тарих қойнауына алтын әріппен жазылып еніп барады, кейінгі қызметтегі еңбегіңіз артыңыздан өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа баға жетпес тәрбие. Осындай тарихи ғұмырыңыз бар Сізге зор денсаулық, мол бақыт, жан-жарыңыз Анна Петровнамен мәңгі бақытты болуыңызға тілектестік білдіреміз, — деді өз сөзінде.



Енді Михаил Кондратенко атамыздың өміріне қысқаша тоқталып өтейін. Михаил Степанович 1941жылдан 1944 жыл аралығында Ұлы Отан Соғысына қатысып, бірнеше рет қайталанбас ерлік көрсеткен. Ұлы Отан Соғысы жеңісінен кейін 1948 жылға дейін Қарағанды қаласында әскери тұтқындар үшін лагер басқармасында нұсқаушы қызметін атқарған. 1949 жылы Қарағандыдағы тұтқындармен жұмыс істеген. Ол 1963 жылы Қостанай облысына қызметке ауысып Құсмұрын кентіндегі колонияда жедел және режим жұмысы бойынша бастықтың орынбасары міндетін атқарған. Михаил Кондратенко қызметін жақсы және адал атқарғаны үшін тәрбие жұмысының үздігі белгісімен бірнеше рет марапатталған, «Қызыл жұлдыз», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «XXX Кеңес әскері және флоты», «Мінсіз қызметі үшін 1дәреже» және басқа да көптеген марапаттары бар. 1971 жылы Қостанай облысы 52-ЕТК бастығының орынбасары міндетінен зейнетке шықты.

Басынан өткен қиындықтарға қарамастан, зайыбы Анна Петровнамен ұл мен қыз өсіріп, қазіргі уақытта немере және шөбере тәрбиелеп отырған бақытты да үлгілі жанұя.



Құттықтаудың жалғасы ҚАЖК департаментінде кішігірім концерттік бағдарламаға ұласып, ең жақын деген туыстары жиналып, «Мирасә мәдениет үйінің әншілері берген мерекелік концертке ұласты.

Кішкентай болса да, ардагер үшін бұл өте керемет концерт болды.

Бізде қосағымен қосағарып, бір ғасыр жасаған аталы қариямызға дені сау, зайыбы аман, немере, шөтерелерінің арасында әліде жүре беруіне тілектестік білдіреміз. «Үлкенге құрмет» деген осы шығар, артындағы әріптестері, ұрпақтары ұмытпай тірісінде қошетемке бөлеп отырған.

Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов