Академия курсанты Нұрбол — әлем чемпионатының жүлдегері атанды

Жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған жауынгерлік самбодан әлем чемпионы өтті. Аталмыш жарысқа Қостанай академиясының  курсанты Нұрбол Құрбан қатысып бағын сынады. Жаста болса соңғы кезде көзге түсіп, Академияның намысын қорғап, көк туын желбіретіп жүрген балуан Нұрбол өз салмағында қашанда жеңімпаз атанып, жанкүйерлерінің көзайымына айналып жүр.

Нұрбол жалпы қалпы бөлек, табиғатынан салмақты, сөзге сараң, спортқа жан-тәнімен берілген жас палуан, сабақ үлгірімі де жақсы, тәртібі де кейінгі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Енді түсінікті болу үшін Нұрбол қатысқан жарыс туралы айтып өтейін. 2018 жылдың маусым айының 29–ы мен шілде айының 2–сі аралығында Елордамыз Астана қаласында самбо күресі және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған әлем чемпионаты өткізілген болатын. Осы жарысқа 90 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының мүшесі,  ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 3 – курс курсанты Нұрбол Құрбан қатысты.

Нұрбол үшін әлемнің түкпір – түкпірінен келген қаншама чемпиондар,  қаншама мен – мен деген кіл мықтылар жиналған бұл додада жүлдегер атану былай тұрсын қатысудың өзі бір ғанибет еді. Оның үстіне алғаш рет қатыса тұрып орынға ие болу қиынның қиыны болды. Бірақ Нұрбол бауырымыз өзінің жас болуына қарамастан еңбекқорлығының, қызу дайындық пен күш – жігерінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Ол кешегі жарыста өзінің біршама азулы қарсыластарын шаң қаптырып, көбісін жер жастандырды.Тек жартылай финалдық кездесуде қарсыласына сәл ғана есе жіберіп, жүлделі 3 – орынға ие болды.

 Жарыстан кейін Нұрбол Құрбан берген сұхбатында;

 « -Мен бұл жүлдемді әуелі қазақ жұртына және Академия ұжымына арнадым. Осындай дәрежеге жетуіме жағдай жасаған Қостанай академиясының бастығы полиция генерал – майоры Қызылов Мирлан Ахмедияұлына ерекше алғысымды айтамын, сондай – ақ ЖжДД кафедрасының оқытушы – жаттықтырушылары мен өзімнің тікелей жаттықтырушыларым полиция подполковнигі РусланТаңқыбаевқа, полиция майоры Ержан Кабидуллиновке  осынау жарысқа дайындалуда қолдау көрсеткендері үшін үлкен алғыс білдіремін» – деді.

Бұл әлем кубогына Құрбан Нұрболды ЖжДД кафедрасының оқытушысы, самбодан Қостанай облысының жаттықтырушысы полиция подполковнигі Таңқыбаев Руслан Сайлауұлы алып  барған болатын. Жалпы командалық есепте 1 – орынды Ресей құрамасы, 2 – орынды Қазақстан құрамасы, ал 3 – орынды Өзбекстан құрамасы иеленді.

Жалпы балуан кілем үстінде емес, жарыстарға қатысу барысында ысылады, — демекші, Нұрболдың алғашқы үлкен додага қатысып, жүлделі орын алу оның еңбекқорлығының арқасы деп білеміз. Нұрбол бауырымызға академия ұжымы атынан мына бір өлең шумақтарын арнағанды жөн көрдік.

Жарайсың, сенімдерді ақтадың,

Академия тарихында қалды атың,

Жете бер бұданда биік белеске

Алға қойған орындалсын арманың.

Мақтан тұтам, балуан деп, мен сені,

Ел алдында тік ұсташы еңсеңді.

Туымызды биіктерге желбірет,

Балуан болшы аты әйгілі, белсенді

 

 

Академия баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов,

полиция қатарындағы

Думанжан Тұрсынбай