Татардың «Сабантой – 2018» мерекесінде атой салған біздің курсанттар

Маусымның 17 – сі күні Қостанай қаласында Татар ұлт өкілдері тарапынан жыл сайынғы өткізілетін «Сабантой» мерекесінде әр түрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылған болатын. Осынау жарысқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары да  барып  «Белбеу күресі» түрінен қатысып, азулы қарсыластарын жеңіп қайтты.

Жарыс 75 келге дейін және +75 абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша өрбіді.  Академия курсанттары түгелдей жүлделі орынға ие болды. Әуелі 75 келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға екі бірдей академия курсанттары шықты. Қызу күрес нәтижесінде белді балуанымыз 3 – курс курсанты Ошақбай Айбар жеңіске жетсе, оған жол берген 2 – курс курсанты Сарымсақ Темірхан жүлделі 2 – орынға ие болды. + 75 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежелері бойынша 3 – курс курсанттары Күдірбек Болат және Оразымбет Бексұлтан ақтық сында жолықты. Нәтижесінде Оразымбет Бексұлтан басым түсіп, «Сабантой – 2018» түйе балуаны атанды. Жеңімпазға Татар ұлт өкілдері тарапынан қара қошқар табысталды.

Академия белбеу күресі құрамасын ЖжДД кафедрасының аға оқытушысы, осы белбеу күресінен ҚР спорт шебері Кабидуллинов Ержан бастап барған. Естеріңізге сала кетсек Кабидуллинов Ержан 2017 жылы ірі көлемде өткізілген аталмыш «Сабантой – 2017» мерекесінде белбеу күресінен абсолюттік чемпионы атанып «Лада Гранта» автокөлігін жеңіп алған болатын.






 

3 – курс курсанты

Тұрсынбай Думанжан