Мәдениет университеті аясында өткен тренинг

Еліміздің дамыған 30 елдер қатарына қосылу бағытындағы үлкен мәселелердің бірі-болашақ ұрпақтың мәдени рухани дамуы. Осы бағытта Елбасымыздың ұлттық мәдени рухани дамудың кең көлемді мәселелерін зерделей келе «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ сақтап тұрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» дегеніне сүйене отырып қазақ жастарын эстетикалық талғамы жоғары, мәдениетті, ізгілікті, сезімтал, өнер сүйгіш етіп қалыптастырудың маңызы ерекше. Біздің Академиямызда курсанттардың мәдени тұрғыдан дамуына және қалыптасуына зор үлесін қосуда, сонымен қатар мәдениет университеті аясында курсанттармен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру бағытында тренинг жаттығулары өткізілді.

Психологиялық тренинг Абай Құнанбаевтың: «Адам өміріндегі ең тамаша нәрсе – оның басқа адамдармен қарым – қатынасы» деген сөзімен басталды. Жалпы адам жолында екі түрлі, бір-біріне қарама-қарсы ағыстар бар. Бір ағыс — қаталдыққа жетелесе, екіншісі — мейірімге талпындырады, біз тренингіміздің мақсатын аталған екінші ағыспен байланыстырдық. Мәдени қарым-қатынасты қалыптыстыру жолы арқылы адамдар арасында мейірімділік, сыйласымдық, шыншылдық, жауапкершілік, адамгершілік, қайырымдылық орнату. Міне, осы аталған қасиеттердің барлығы өткізілген тренингте бір қырын көрсете алды. Тренинг «Менің бойымдағы жақсы қасиеттер», «Жарасымды достық», «Өз ойым» — деген жаттығулардан тұрды. Әр жаттығу соңында курсанттар өз ойларымен бөлісіп, бір-біріне сыйластық, мейірімділік сезімдерін білдірді.

Болашақ ұрпақты ізгілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу ісі — халықтық педагогиканың негізгі ұстанымы. Халық педагогикасының мақсаты бірнеше ғасырға созылған халық тәрбиесіне сүйене отырып, болашақ ұрпақты еңбекке, өмірге дайындау, өнер білімге баулу, елдің қамын ойлау сияқты ең жоғары адамгершілік, имандылық қасиеттерге тәрбиелеу. Олай болса, өскелең ұрпақты терең педагогикалық, психологиялық ойлармен, теориялармен, халқымыздың бай тәжірибесімен таныстырудың рөлі өте зор.




Педагогика және психология

кафедрасының оқытушысы

полиция аға лейтенанты

Н.Турсумбаева