«Ішкі істер органдарындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру» мәселелері бойынша өткізілген семинар-кеңес

2018 жылдың 23 мамырында Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің акт залында «Ішкі істер органдарындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру» мәселелері бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылып, өткізілді. Семинарға Қостанай облысының ІІБ бастықтарының кадр жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты. Сондай-ақ аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Тәрбие жұмысы бөлімі қызметкері Б. Құрманғалиева қатысып Ішкі істер органдарындағы тәрбие жұмысының атқаратын рөлі жайлы сөз сөйледі. Жалпы, тәрбие, тәлім-тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Осы тәрбиелеу процесі барысындағы негізгі үш бағыт аталды. Яғни, біріншіден жас маман үшін білімді, білікті, әрі тәжірибесі мол тәлімгердің болуы, екіншіден, әрбір қарамағындағы қызметкерлермен жүргізілетін жеке тәрбиелік жұмыс және үшіншіден, тәрбие жұмысының рөлі жайлы айтылып кетті.
Қай мамандық болмасын жас мамандардың ұжымға бейімделуіне, кәсіби жетілуіне, меңгерген білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдай түсуге үлес қосу үшін жоғары білікті тәлімгер тәжірибесі қажет. Тәлімгер шәкіртіне қатаң талап қоя білгенде ғана одан мықты маман шығады. Сондықтан тәрбие беру процесінің маңызды құрамы тәлімгерлік жүйесін ұйымдастыру болып табылатынын, сонымен қатар жоғары білімі бар, білікті, әрі тәжірибелі қызметкерлер зейнет жасына келгенде олардың орнына тәжірибелі жас мамандарды даярлау қажет екенін атай отырып, аға буын офицерлерді жас қызметкерлерді тәрбиелеуде, олардың білімдерін ұштай түсуде мүмкіндігінше пайдалану қажет екеніне тоқталды. ІІО тәлімгерлерді тағайындау кезінде беделді, азаматтық және моральдық-психологиялық қасиеті жоғары, әрі өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі қызметкерлерді арнайы таңдап алу керек екенін, айта кететін болсақ, жасыратыны жоқ көп жерлерде төрт немесе бұдан да көп жас мамандарды бір тәлімгерге бекітетіні де бар екенін, ал мұндай жағдайда тәлімгер ретінде тағайындалған қызметкер қарамағындағы жас маманға ешқандай да уақыт бөле алмайтыны белгілі.

Тәрбие процесінің маңызды негізгі құрамдас бөлігі бірінші кезекте ұжымдардағы таза моральдық–психологиялық климатты қалыптастыруға, заңдылық пен қызметтік тәртіпті бұзудың алдын алуға, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін, олардың өз қызметтік міндеттерін орындау үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған барлық деңгейлердегі ішкі істер органдары басшыларының өздерінің қарамағындағылармен жүйелі түрде жүргізіп жатқан ЖТЖ болып табылады.
Қорытындылай келе Ішкі істер органдарындағы Тәрбие жұмысының мақсаты – жеке құрамды қазақстандық патриотизм рухына тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік-құқықтық көзқарасты қалыптастыру, Антқа адалдық, қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау болып табылатынын атап айтты.

Академия баспасөз қызметінің мүшесі,
полиция қатарындағы
Э. Канатчина