Қызметкерлер арасындағы қызу айқас

Сәуірдің 18-і күні Қостанай қаласында Қостанай облысы ІІД – нің «Динамо» ДСҚ филиалының спорт кешенінде Қостанай облысының құқық қорғау органдарының қызметкерлері және курсанттарының арасында жекпе – жек сайысынан облыстық чемпионат өткізілді.

Чемпионатқа облысымыздың барлық аймағынан тоғыз салмақ дәрежесі бойынша ҚҚО қызметкерлері және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының атынан сегіз курсант қатысты.

Сайыс әуелі жеңіл салмақтар бойынша қызметкерлер жүлделерді сарапқа салып, 1 – ші орын үшін қызу айқас жүргізді. Біздің Академия курсанттары да айянып қалмай, күш – жігерлерін таныта білді.  Финалға қиналмай шыққан 60 келі салмақта 2 – курс курсанты Иманбаев Жумабек күмістен алқа тақса, 70 келі салмақ дәрежесінде 1 – курс курсанты Жеңісов Алішер де елеулі екінші орынға қол жеткізді. Ал, 75 келіде 3 – курс курсанты Ермекұлы Рүстем ешкімге дес бермей алтыннан алқа тағып, абыройымызды асқақтатты. Академия курсанттары қызметкерлердің ересектігіне қарамастан олармен лайықты түрде айқасты өнер көрсетіп, тіпті жоғары да айтып өткеніміздей финалға шығып, жеңіске де жетіп жатты. Бұл өте жақсы нәтиже. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қостанай академиясы 2 – орынға ие болды.  Естеріңізге сала кетсек аталмыш курсанттар ЖжДД кафедрасы бастығының орынбасары полиция майоры Абдрахманов Мади және кафедра оқытушысы Құтымбаев Русланның қол астында жаттығуда.

Академия баспасөз қызметі

3 – курс курсанты

Тұрсынбай Думанжан