Тіл мәдениеті

Сөйлеу мәдениеті — кез келген мамандық иелерінің, әсіресе заңгерлердің кәсіби деңгейінің ең маңызды көрсеткіші. Сөз мәдениеті, сөйлеу шеберлігі тілдік, сөйлеу қатынастары процесінде маңызды рөл атқарады, сондықтан да ол өз мамандықтарына сай адамдармен жұмыс жасап, олардың қызметтерін ұйымдастыратын және басқаратын, іскерлік келіссөздер жүргізетін, тәрбиелеу т.б. түрлі қызмет көрсететін адамдарға ауадай қажет. Адамның қалай сөйлегеніне қарап, оның рухани және парасаттылық өрісін, ішкі мәдениетінің дәрежесін анықтауға болады.

Мәдениетті сөйлеу — білімділіктiң, тәрбиеліктің және адамның жалпы мәдениетінің негiзгі белгілерінің бірі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай акаедмиясында «Мәдениет университеті» жобасының оқу кестесіне сай курсанттарға тіл мәдениетін дамыту бойынша тілдер кафедрасының аға оқытушылары Е. Деріпсалдин мен Л. Кенжебаева дәріс сабақтарын жүргізген болатын. Яғни, аталмыш дәрістің негізгі мақсаты — курсанттардың бойындағы болашақ ішкі істер органдары қызметкерлеріне сай мәдени біліктілікті, рухани байлықты, сөйлеу мәнерін, өз ойларын толық жеткізе білу ұстанымдарын дамыту. Ал мәдениеттілік ұстанымдары полиция қызметкерлерінің өмірінде маңызы өте  зор болып табылатыны баршамызға мәлім. Қарым-қатынас процесі кезінде тіл мәдениеті айрықша рөл атқарады.

Сондықтан тіл мәдениті — жеке тұлға мәдениетінің маңызды элементі екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, дәріс сабағы барысында курсанттармен сахна алдында өнер көрсету жайлы тақырып қозғалды. Көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу шешендік өнердің  маңызды да жауапты кезеңі болып табылады. Сондықтан сахна алдындағы қорқыныш, қобалжу сезімдерін жеңу, өздеріне деген сенімділіктің жоғары болуы тиіс екендігі туралы жиі айтылып өнер көрсету алдында туындайтын қандай да бір мәселелер түбегейлі қарастырылды.

Жалпы «Мәдениет университеті» жобасының аясында ұйымдастырылып жатқан барлық аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын курсанттарға жеткізу, түсіндіру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, сөйлеу мәдениетін, сөйлеу мәнерін қалыптастыру және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттау болып табылады.




  Тәрбие жұмысы бөлімі

  Б. Курмангалиева