Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағына арналған «Тарихи тұлға» атты сахналық қойылым өтті.

Қандай болмасын өнерді меңгеру дегеніміз бұл – өнер мәселелерін ақылмен білу және тану қабілеттілігін меңгеру болып табылады. Адам баласы бір – біріне сөз арқылы ойын танытса, өнер арқылы сезімін дарытады. Өнер демекші, өнердің басты өзегі ол – театр. Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан жастарымыз мәдениетті де үйреніп, өмірді де көреді. Ақ пен қараның, арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ара жігін ажырата алады. Керегін алады да, көңіл сүзгісінен саралап өткізіп, керексізін кері ысырады. Сол себепті де артымыздан ерген бауыр, қарындастарымызды театр қойылымдарына қызығушылығын арттыру біздің бірден-бір парызымыз. Міне, осы бір өнер түрін дамыту мақсатында және де «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, сонымен қатар кураторлық сағатының аясында «Педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен алғаш рет Академия төрінде КОФ курсанттарының қатысуымен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағына арналған «Тарихи тұлға» атты сахналық қойылым болды.

Қойылым  Елбасының Алматы облысы, Үшқоңыр жазығы, Шамалған ауылындағы балалық сәтінен бастап, 17 жастағы бозбала шағына дейінгі өмірінен сыр шертеді. Сәби сүйе алмай зарығып жүрген ата-ананы әжесі Райымбек бабаның басына апарып түнетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы дүниеге келер алдында, оның анасы түс көреді. Түсінде көл астында жатқан көне қаруға тап болады. Түс жорушы анасын ұлды болатынын және ұлының өмірі күреске толы болатындығын айтады. Тілегі қабыл болып, қалың нөсер жауған күні Сұлтан дүние есігін ашады. Нөсер күні туған ұрпағын әке-шешесі «Алланың нұры жауып тұр» деп жақсылыққа жоруын бейне жазбадан көрсетілді. Әрі қарай қойылым сахна төрінен бір уыс бидайды уыстап салып, диірмен тартып отырған әже бейнесін көрсетуімен жалғасын тапты. Ол немересі Сұлтанға Адам Ата мен Хауа Ана жөнінде әңгіме шертіп, жеті атасын айтып беруді сұрайды. Бала Сұлтан зуылдатып, жеті атасын таратып айтып береді. Осы тұсынан-ақ баланың зеректігі байқалады. Өзі бала жасынан армандаған ұшқыштың оқуына бармай қалуы да Сұлтанның әке көңілін қалдырғысы келмегендігін көрсетеді. Бірақ әкесі Әбіш оған: «Ол оқуға барма» дегенді кесіп айтқан жоқ. «Қай қаласында болса да, Қазақстанның бір жерінде туыңды тіккенің дұрыс болар еді» деген сөзін айтқызбай ұққан Сұлтан әке тілегін екі етпей орындайды. Мұның өзі де оның ұлағатты ұл ғана емес, бірден батыл шешім қабылдай алатын ерік-жігер иесі болып өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Осылайша сахналық қойылым арқылы қарапайым отбасында тәрбиеленген Елбасының сәби кезінен бастап-ақ алғыр, дарынды, достарының арасында қамқор бола білген қасиеттеріне куә болдық. Бір сағатқа жуық сахна қойылымын бір деммен көріп, оның қалай соңына жеткенін сезбей де қалған көрермендерден алған әсерлері, сезім мен ризашылықтары әрі қарай Елбасының туып өскен жері «Үш қоңыр» ауылына арналған әнімен және «Алға Қазақстан!» атты флешмоб биімен жалғасын тауып, нұр үстіне нұр болды.

Осы бір ауқымды іс-шара соңында Академия бастығы полиция генерал-майоры Қызылов Мирлан Ахмедияұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысқан курсанттарға өз алғысын білдіріп,үш жасар кішкентай әртісімізден бастап өнерлі де шебер әртіс курсанттарымызды марапаттады.

Рухы әлсіз, ұстанымы бұлыңғыр ұрпақ ескексіз қайық сияқты, қай жағалауға барып соғылары беймәлім. Сол себепті оған дем беріп, жағалауды көрсетер тәлімгер екенін ұмытпайық. Театр – тірі тарих. Рухани құндылықтарымыз: театр, кітап, әдеби әлем дүниелерін мұқият оқу, адами таным мен тәжірибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы. Ұлт мақтаныштары, тарихи тұлғаларымызды әрқашан есте сақтап, ерен еңбектерін елеусіз қалдырмау келешек ұрпақтың еншісінде.








Педагогика және психология

кафедрасының аға оқытушысы,

211-212 оқу тобының кураторы,

полиция подполковнигі

Б.Абдықалықов

 

Педагогика және психология

кафедрасының оқытушысы,

308 оқу тобының кураторы,

 полиция аға лейтенанты

Н.Турсумбаева