«Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы

Техникаға телмірген жастарымыздың бойына рухани байлықты азық етіп, сахнаның ауасын сағынтып, өнерге шөлдейтіндердің санын көбейту мақсатында және де «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, сонымен қатар психология сабағында өткен «Өмірлік құндылықтар» атты тренинг жаттығуының бір бөлігі «ата-ананы қадірлеу, құрметтеу, туған-туыстарды бағалауға» арналып және осы тренингтің қорытындысы ретінде педагогика және психология кафедрасы және тәрбие бөлімімен бірлесе отырып, академиямыздың құқық қорғау мамандығы бойынша білім алып жүрген 202 және 209 топ курсанттарын Қостанай қаласындағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасын тамашалауға алып бардық.

Драма сюжеті бойынша кейіпкерлердің әрқайсысы өз тұрмысын ойлап кеткені сонша, мүгедек бауыры мен жалғыз басты аналарын да ұмытқан. Бұл жолғы туған күнге де көпшілігі басқа мақсаттарын жүзеге асырып кетуге келген сыңайлы. Тіпті мүгедек бауырларының айтқан заттарын сатып әкелмегені арқылы, олардың арасындағы бауырмалдық сезімнің ізінің де қалмағанын аңғаруға болады. Қойылым міне осы сарындағы әлеуметтік драма болғандықтан, бұдан әркім өзін көруге мүмкіндігі бар. Тақырыптың негізгі өзегі – мейірімділік. Әсіресе, бүгінде әрқайсысының санасын тұрмыс билеп, өз отбасын құрып үлгерген көп балалы отбасыдан тараған бауырлардың бір-біріне, қоғамға деген мейірімсіздігі.


«Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы көрерменге туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызын қайта оралтып, көп ойларға жетелейді. Ауылда науқас баласымен қалған ана мен қалада тұратын балаларының жат қылықтары мен тірліктері жаныңды күйзелтіп, еріксіз мұңға бөлейді. Психологиялық драманы көре отырып, әрбір көрерменнің туған ел ғана емес, туған шаңырақ пен ата-ана алдындағы перзенттік парызы санаға беріліп, жүректен шыға келеді. Басты кейіпкер ана мен оның мүгедек баласы, қаладан келген үлкен ұл, тұрмыстығы қыздар мен күйеу балалар — сан түрлі мінез-құлықтың иелері. Көрерменге көп ой салып, жанарына жас үйірілтетін осындай шығарма жан дүниенің таза болуына үндейді.

Қойылым аяқталғаннан кейін курсанттар алған әсерлерімен бөлісіп, өресі биік көрерменге ой салар жер-театр екендігін айтып, алдағы уақытта мәдени ошаққа шығып тұруларын өтінді.



Педагогика және психология кафедрасының

полиция аға лейтенанты

Н. Турсумбаева