Әз-Наурыз Академияда биік деңгейде аталып өтті

22 наурыз ай мен күннің теңесетін  уақыты. Бұл мезгілде адамзат қағарлы қыстың қытымырынан арылып, көктей жайнаған көктемнің шуақты күніне оранатын күн. Жер ана қысқы тонын шешіп, жер бетінен қар кетіп, көктемнің алғашқы гүлі бәйшешек гүлдеп, әлем біткен жасылданады.

Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетеді.

Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы аламыз.

Ұлыстың ұлы күні барша халық бір-біріне құттықтау айтып, өкпе-реніштері болса кешіріп, дастархандарын мол дәмді асқа толтырып, бір-бірін қонаққа шақырады.

Міне осындай келбеті келіскен думанды той Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында да салтанатты түрде аталып өтті.

Салтанатты жиынды Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ақан Жақыпбекұлы Нұрышев өзінің құттықтау сөзімен ашып, барша әріптестерге жақсылық, отбастарына амандық, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ақан Жақыпбекұлының құттықтау сөзінен кейін, Академия қызметкерлерінің  күшімен дайындалған сахналық қойылымды концерттік бағдарламаға ұласты.

Академия сахнасына қызметкерлер өздерінің әртістік өнерлерін паш етіп, сахналық қойылым қойды.

Қойылымда Академияның әртүрлі бөліністерінің қызметкерлері бірігіп  кішкене сәбидің туған кезінен, оның ер жетіп, үйленіп шаңырақ көтеру өмір жолдарын әркім  өздерінше сомдады. Қойылымда шілдахана, тұсаукесер, сыңсу, беташар, үйлену тойлары көрермендерге үлкен қуаныш сыйлады.

Тіпті қойылымда әріптестер 1 жасар баласының тұсаукесер рәмісін ырымдап, Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ақан Нұрышевке және екінші баланың тұсауын Академия бастығының көмекшісі полиция полковнигі Қайрат Айтқұловқа кестірді. Тұсаукескен құрметті қонақтарға той иелері иықтарына шапан жауып мәре-сәре болды. Осы бір көрініс концерттік бағдарламаға көрік бергендей көпшілікке әсер қалдырды.

Концерттен кейін әр бөлініс өздерінің дайындаған дәмді дастархандарына жайғасып, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтасып, наурыз көже ішіп, тойды тойға ұластырды.

Академияның баспасөз қызметі