«Большевичкаға» экскурсия

Ішкі істер органдары қызметкерлеріне әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтауына, моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар өте жоғары. Өз борышын өтеу жолында еліне қызмет етіп жүрген азаматтарымызға қоғамның қояр талаптары зор. Осы талаптарға сай болу, қоғамның көңілінен шығу – әр офицердің міндеті.

 Ал, біздің болашақ офицерлерді тәрбиелеуші Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының профессорлық- оқытушы құрамының міндеті – осы аталған қағидаларды әр курсанттың бойына сіңіре білу.

Жоғарыда  аталғандардың бірі, әрине, киім кию үлгісі. Қостанай академиясы курсанттарын әдептілік пен ұқыптылыққа, жинақылыққа, киім кию үлгісінің дұрыс нысанын таңдауды үйрету мақсатында елімізге одан әрі әлемге аты машһүр киім тігетін фабрикалардың бірі — Қостанай қаласындағы «Большевичка» фабрикасына Академияның оқытушылары  полиция майоры Жанар Базарбаева мен полиция аға лейтенанты Аманат Мұрат саяхат ұйымдастырды.

«Большевичка» фабрикасының тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Өйткені қызықты тарихи өмір ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.



Біздің «Большевичка» тігін фабрикасы туралы айтқанда, алдымен оның тарихы еске түседі. Кеңес Одағы Жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының 1941 жылғы 4 шілдедегі бұйрығымен Украинаның Херсон қаласындағы «Большевичка» тігін фабрикасы Қостанай қаласына көшіріледі. Мұрағат  құжаттарының материалында жазылғандай, ашық вагондарға мінген 154 адам кәсіпорынмен бірге Қостанайға дейін 33 күн жүреді. Олар негізінен жастар еді. Қазақ даласына жеткенше жолда жаудың бомбасына тап болады, жұмысшылар ашығады. Фабрика директоры Адольф Гилевич Рябой жұмысшыларымен бірге фабриканың құрал-жабдығынан ешнәрсе қалдырмай ала келген екен. Міне, сол жаралы көштің 1941 жылы 21 қыркүйектегі Қостанайға жеткен күнін қазіргі уақытта фабрика ұжымы фабриканың туған күні деп атап жүр.

77 жылдай тарихы бар Қостанайдағы тігін фабрикасы бұған дейін де талай қиындықты еңсерген. Сондықтан тұралап қалмай, әлемдік көшке ілесіп тұрақты жұмыс істеу үстінде. Тек мұнан әрі өркендеп, дамудың жаңа кезеңіне көшу үшін мемлекеттің қолдауы қажет.

Саяхат барысында фабрика қызметкерлері алдымен, курсанттарды фабриканың тарихымен құлағдандырып болған соң, жұмыс цехтарын көрсетіп, қызмет барысымен таныстырды. Сонымен қатар, фабриканың шеберлерінің қолынан шыққан арнайы киімнің түрлерін, дұрыс үлгілерін көрсетті.


Курсанттар аты әйгілі фабриканы естігендерімен, бүгін өз көздерімен көргендері үшін және осындай қажетті де танымды саяхатты ұйымдастыра білген ұстаздарына мың алғысын білдірді.

 

Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов,

Кураторлар кеңесі төрағасының орынбасары

полиция аға лейтенанты  А. Мұрат