Көктемнің алғашқы мерекесі

Көктем мезгілінің ең бірінші мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн ару қыздарымыз үшін ерекше күн болып табылатыны сөзсіз. Себебі, бұл күні ардақты аналарымыз, асыл апаларымыз, аяулы қарындастарымыз, ару қыздарымыз ерекше сый-құрметке ие болып, бұл өмірде осындай жарқын жүзді нәзік жандылардың бар екеніне алғыс жаудыратын күн. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында 2 курс 203 оқу тобы жетекшісі мен курсант ұлдары топтың қыздарын айтулы мерекемен құттықтау үшін арнайы дастархан жайды. Осындай жайлы дастархан басында ер-азаматтардың атынан сымбатты да көрікті қыздарға ізгі, жүрекжарды тілектер мен құттықтау сөздер айтылып жатты. Жалпы бір топ ретінде бірігіп, бір дастархан басында ашылып әңгімелесудің өзі топ арасындағы ұйымшылдықты арттырып, курсанттардың арасында жақсы қарым-қатынас орнауына септігін тигізеді. Топ жетекшісі курсанттарға әрдайым ұйымшыл, ынтымағы жарасқан, сондай-ақ басқа топтар үшін үлгі болатындай ерекше топ болулары керек екенін айтты. Осы мерейлі мерекеге орай жайылған майлы дастархан басында нәзік жанды қыздарымызға зор денсаулық, еңбектеріне табыс, жүздеріне қуаныш, бақыт тілей отырып шын жүректен сыйлықтар табыс етілді. Құттықтау соңы жалпы топ болып естелік суретке түсумен аяқталды.


203 оқу тобының жетекшісі

полиция майоры Е. Қайнар,

203 оқу тобының курсант ұлдары.