Еркін Құсманұлы, мерейлі мүшел тойыңыз құтты болсын!

Академияның құрметті ардагері, Ішкі істер органдарында әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы, отставкадағы полиция подполковнигі Еркін Құсманұлы Күдебаев ағамыз ағымдағы жылдың ақпан айында ердің жасы 61 жасқа толып отыр.

Футбол десе ішкен асын жерге қоятын ағамыздың аталмыш мерейтойына байланысты Академия қызметкерлері арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өткізілді. Ойын алдында қуаныш иесіне әріптес інілері құттықтау жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпат жасалды. Жолдастық кездесуде Еркін Құсманұлы бастаған «Тобыл» командасы «Түркия» құрама командасын 10:4 есебімен ойсыра ұтып, жеңіске жетті.

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетпен ғұмыр кешіп жеткендер қаншама?!

Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Еркін ағамызбен қызметтегі әріптестік, аға-інілік достығымыздың жарасып келе жатқанын мақтан тұтамыз.

Қазақ халқында «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел” – деген сөз бар. Сіз осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір оқу орнының ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырсыз.

Құрметті Еркін Құсманұлы!

Біз сізді шын көңілімізбен жарқылдай қуана отырып құттықтап, мерейлі мүшел тойыңызда Сізге денсаулығыңыз күйлі-қуатты, ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болсын деп, әулетіңізге баянды бақыт тілейміз! Мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз зор болсын. Бала-шағаңыздың, немерелеріңіздің ортасында темірқазықтай қалпыңыздан таймай, өмірдің қызығына кенеліп жүре беріңіз! Тойыңыз тойға ұлассын!

Кейінгі әріптес інілеріңіздің атынан өзіңізге келесідей жыр-шумақтарын арнаймыз:

Еңбегі ерен ер ағам асқаралым,

Сыйғыздырған 61 жасқа бәрін.

Сегіз қырлы бір сырлы бұл ағамыз,

Футбол десе ұмытар басқаларын.

Тілемейді ешбірі тосылсын деп,

Шаттығыңды бұзбасын тосын сын кеп.

Алпыс деген жиырманың үшеуі ғой,

Тілейміз тағы да үшеу қосылсын деп.

Жансыз ғой аға жақсы адамдардың сапынан,

Жүріңіз аға жақсы жандардың сатынан.

Тілегімізді қабыл алыңыз біздің шынайы,

Футболда жүрген інілеріңіздің атынан, — дей отыра,

Тілек білдірушілер:

Кусеубаев Азамат Бірәліұлы,

Деріпсалдин Ербол Қалибекұлы және

академияның бір топ футболшы әріптес інілеріңіз.