Шырақбек Қабылбайұлына — 110 жыл

9 наурыз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы  Қостанай академиясы үшін айтулы күн. Өйткені осы күні Академиямыздың есімін иемденіп отырған Шырақбек Қабылбаевтың туған күні.

Жыл сайын 9 наурызда Академия басшылығы және жеке құрамы Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевты еске алып, атамыздың мүсінінің алдына гүл шоқтарын қояды.

Міне, биылғы 9 наурыз күні де жылдағы дәстүр бойынша Академия басшылығы, шақырылған қонақтар, жеке және ауыспалы құрам, атамызды еске алып, Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов 110 жылдық мерейтойына арналған еске алу алғысөзін арнап, Шырақбек Қабылбайұлының өмірбаянына шолу жасады.

— Құрметті қонақтар, офицер және курсант мырзалар!

Бүгін біз маңызды тарихи датаны атап отырмыз, ол – Қазақ кеңестік Социалистік Республикасының аты аңызға айналған Ішкі істер министрі, мемлекеттік және қоғам қайраткері, ішкі істер генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың 110 жылдық мерейтойы.

Шырақбек Қабылбаетың тұлғасы, оның атқарған қызметі, Отан алдындағы еңбегі халық тарихының ажыратылмас және үйлесімді бөлігі болып табылады. Біз осыны есте сақтауымыз керек, білуіміз керек, құрметтеуіміз керек және аманат ретінде келешек ұрпақтарға жеткізуіміз керек.

Аты аңызға айналған Министр Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың жарқын бейнесі әрқашан біздің жадымызда сақталып, жаңа жетістіктерге, жаңа жеңістерге жігерлендіреді, ынталандырады.

Біз генералдың, аға ұрпақтың даңқты істерін жалғастыруымыз қажет!, — деді  Академия бастығы полиция генерал-майоры М. Қызылов.

Мирлан Ахмедияұлының сөзінен кейін ардагерлер алқасының төрайымы Бисұлу Биғазқызы және 3-2 курс курсанттары Шырақбек аталарына арналған еске алу жыр-шумақтарын оқыды.

Шырақбек Қабылбайұлының Шырақбек атамыздың қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаев (1908-1976жж.) – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант  (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.

1908 жылы 9 наурызда Семей губерниясы (Қазақ КСР Семей облысы Абыралы ауданы №2 ауыл) Қарқаралы уезі Абыралы №3 ауылында дүниеге келген. Ал 1976 жылы 5 шілде айында 68 жасында генерал-лейтенант Ш.Қ. Қабылбаев дүниеден өтті.

Ел алдындағы Ш.Қ.Қабылбаевтың қызметін және оның ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатын жетілдіруге қосқан үлесін ескере отырып, 2014 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1287 Қаулысымен және ол жөнінде мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаевтың құрметті есімі берілді.

Жалпы Шырақбек атамыздың шырағы осы академияға есімі берілген күннен бастап қайта жанды десек артық айтқандық болмас. Өйткені Шырақбектің есімі аталса, Академияның, Академияның есімі аталса Шырақбек Қабылбайұлының абыройы арта түсетіні бәрімізге аян.

«Ер есімі, ел есінде» деген осы. Артындағы ұрпақтары ешқашанда қазақтың тұңғыш генералын ұмытпайды.

Салтанатты мерейтой соңында 1курс курсанттары Академияның әнұранына айналған «Шырақбек ата»  әнін хормен орындады.

Академияның баспасөз хатшысы М. Оспанов