8 наурыз мерекесіне арналған тәрбие сағаты

«… Әйел сенің ақылшың да, айбарың,

Ол барында естімейсің қайғы әнін,

Әйел сенің күзетшің де, сақшың да,

Әйел сенің мерекең де, мейрамың!…», — деп жырлайды Тұманбай Молдағалиев ағамыз.  Әйел туралы жырламаған ақын жоқ. Әйел — әдеміліктің белгісі, өміріміздің сәні мен мәні.

Көктемнің алғашқы күндерімен таласа аналарымыз, апаларымыз, жеңгелеріміз, қарындастарымыз, сүйіктілеріміздің, бір сөзбен айтқанда барша әйелдер қауымының мерекесі —  8 наурыз мерекесі де келеді. Өмірімізге нұр берген, қуанышқа бөлеген әйелдерімізді бұл күні құрметке бөлейміз, гүл мен сыйлық сыйлаймыз, жылы лебізімізді білдіреміз.

8 наурыз күні 1 және 2 курс курсанттарымен адамгершілікке, кішіпейілдікке, сыйлыстыққа тәрбиелеу және осы мереке туралы шағын ақпарат беру мақсатында тәрбиелік мәні бар тәрбие сағаты өткізілді.

Сонымен қатар тәрбие сағаты барысында белгілі режиссер А. Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді. «Анаға апарар жол» – ізгілікке, отаншылдыққа жетелейтін фильм. «Анаға апарар жол» – көптеген өмір сынақтарынан өткен адамның тағдыры туралы әңгімелейді. Барлық қиындықтарды жеңуге оған ана махаббаты күш береді. Кейіпкердің өмір жолы арқылы картинада қазақ халқының тарихи кезеңдері көрсетілген.

Тәрбие сағатының көздеген мақсаты – осы фильм арқылы өмірдегі қандай қиын жағдай болмасын шешімі бар екендігін түсіндіру, өмір сынақтарынан өте білуге бейімдеу болды.

Тәрбие сағаты өз мақсатына жетті деп санаймыз және осы сынды тәрбиелік мәні бар іс-шаралар әлі де жалғасын табады деген ойдамыз. Сонымен қатар осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан 1 және 2 курс бастықтарының орынбасарлары А. Примкулов пен Қ. Ақылбековке алғысымызды білдіреміз.

А. Мұрат

101 оқу тобының кураторы,

полиция аға лейтенанты

М. Жұмашев

106 оқу тобының кураторы,

полиция капитаны