Тұңғыш рет ұйымдастырылған  «Курсанттық бал» жоғары деңгейде өтті

Бал – ең алдымен мереке, ерте замандарда ол үйлену тойларына және өзге де мемлекеттік мерекелерге байланысты берілген болатын. Міне, осындай ауқымды, тамаша балдардың бірі 2018 жылдың 5 наурызында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында болып өтті. Жалпы, аталмыш іс-шара биыл Академиямыздың қабырғасында тұңғыш рет өткізіліп отыр.

Кешегі кеш өзге кештерден ерекше өтті. Себебі, бұл кеште Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы орта ғасырлардың тамаша мәдениетін толықтай сезіне алатын Жаңа заманның ғажайып сарайына айналды. Жастардың бойында жоғары деңгейлі мәдениеттілік пен ізгілікті дамыту, сондай-ақ мәдени демалыс пен көңіл көтеру мақсатында ұйымдастырылған «Курсанттық бал» атақты Ішкі істер министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, аты аңызға айналған генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың 110 жылдық мерейтойына арналды. Көрермен қошеметіне бөленген дарынды да талантты курсант ұлдарымыз бен курсант қыздарымыз бұл кеште бар өнерлерін ортаға салды. Өнерпаз курсанттар өз өнерлерімен көрерменді тәнті етіп көпшілік жүрегіне қуаныш сыйлады. Жанкүйерлер балға қатысушы бишілерге  қолдау көрсетіп, олардың күш-жігерлері мен өз-өздеріне деген сенімділіктерін нығайтып жігерлендіре түсті.

Салтанатты кешіміздің шымылдығы  дабылшы топ қыздарының тамаша өнерімен ашылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры, бал кешінің иесі  М. Қызылов өзінің құттықау сөзінде барлық ару қыздарымызды келе жатқан айтулы Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Академия басшысы өз құттықтау сөзінде;

 «- Құрметті офицерлер мен курсант мырзалар және қонақтар! Биылғы жыл біздің Академиямыз үшін айрықша, жаңалықтарға толы жыл болып отыр, себебі Академияға құрметті есімі берілген, аты аңызға айналған мемлекет және қоғам қайраткері Шырақбек Қабылбаевқа  110 жыл толады. Шырақбек Қабылбаев шын мәнінде барлық ІІО қызметкерлері өнеге алуға тұрарлық тұлға болып табылады. Біздің басты міндетіміз, осы күнге аманат ретінде жеткен құндылықтарымызды көздің қарашығындай қылып сақтап қалу, сондай-ақ өскелең ұрпақты Отанымыздың нағыз патриоттары және ішкі істер органдары қызметкерлеріне сеніп тапсырылған қызметті мінсіз атқаруға тәрбиелеу болып табылады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында барша ер-азаматтардың атынан біздің аяулы аруларымызда құттықтағым келеді. Сіздер біздің өміріміздің мәні де, сәнісіздер. Сіздерді, келе жатқан 8 Наураз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Көктемнің жылы шуағымен бірге келетін Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, біздің Академиямызда, тұңғыш рет, курсанттарымызды руханилыққа, эстетикаға, мәдениетке және имандылыққа тәрбиелетйін іс-шара өткізілуде. Мен біздің Академиямызда сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер мен сұлу да, сымбатты қыздар, нағыз ұлағатты таланттар білім алып жүргеніне сенімдімін. Бұл шараның негізгі мақсаты – курсанттарды бал билері мәдениетіне, жоғары этикаға және өзін-өзі ұстау ережелерін үйрету болып табылады. Алғашқы курсанттар балын ашық деп жариялаймын!»- деді.

Байқауға қатысушылар өздерінің тұңғыш «Курсанттық балдарына» өте жақсы дайындықпен келді десек те болады. Бал кеші конкурс түрінде өткізіліп 3 кезеңнен құрылды. Аталмыш байқауға Академияның 1,2,3 курстың 30 жұптан құралған 60 курсант қатысты. Байқауға қатысушылар әрбір кезеңге өздерінің билерін дайындады. 1-ші кезеңде 1,2,3 курс курсанттары вальс биін билеп көпшілікті ерекше әсерге бөледі. 2-ші кезеңде байқаушылар халық билерін биледі.  Дәл осы жерде ұлттық мәдениетіміздің келелі бір тармағын өз шығармашылықтарында ұсынған, яғни ұлттық бимен қоса ұлттық аспабымыз домбырамен күй ойнаған 3 курс курсанттарын атап өткім келеді. Ал қорытынды 3-ші кезеңде көрермен қауым жарқын шоуды тамашалады. Бал кешінің міндетті шарты қонақтарды бал иесі қарсы алуға міндетті. Балға шақырылған барлық қонақтар кейін кеш бойы отырса да, кештің салтанатты полонезбен, би-шеруімен ашылуына қатысулары керек. Бұл 30 жұпты 2 айдай уақыт  дайындап шыққан

  Салтанаттың соңында бал кешінің «Ханзадасы мен ханшайымын» марапаттау рәсімі өтті.  Кеш Ханзадасы 3 курс курсанты Қамқор Әбуов және кеш ханшайымы 2 курс курсанты Әйгерім Махмұт атанды. Ал курстардың арасынан 3 орынды бірінші курс курсанттары, 2 орынды екінші курс курсанттары және жүлделі 1 орынды үшінші курс курсанттары иеленді.

Жалпы бір сөзбен түйіндеп айтар болсақ, Шырақбек Қабылбаевтың 110 жылдық мерейтойына арналған ғажап кеш, мәдени іс-шара өте жоғары деңгейде өткізілді. Бұл орайда талантты курсанттарымыздың өнерін ортаға салуға көмектескен, аталмыш ауқымды іс-шараны ұйымдастырған Тәрбие жұмыс бөліміне алғысымызды білдіреміз.Алдағы уақытта да жан-жақты, ізденімпаз Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қалыптасуына ықпал ететін түрлі бағыттағы шаралар кең көлемде ұйымдастырылатынына сенімдіміз. Кештің құрметті қонақтарына келер болсақ, олар да барлық байқауға қатысушыларға ризашылдықтарын білдіріп, ерекше бір жақсы әсер алып қайтты. Тағы қоса кетерлік маңызды жайт, бұл мерекенің дәстүрлі іс — шараға айналуға орны бар екенін шынайы сезіммен айтып өтуге тура келеді. Себебі, биыл көрермен қатарында отырған курсанттар да келесі жылғы «Курсанттық балға» белсенді түрде қатысқылары келетіні сөзсіз.

ІІО қызметкерлері үшін әрдайым бірінші орында тұратын қызметтік міндеттерімен қатар осындай ауқымды іс-шараға шығармашылықтарын дамыту жолындағы дайындыққа үлгеріп, оқумен қатар дайындықты бірге алып жүрген, сондай-ақ аталмыш бал кешіне жиналған барша көрермен қауымға тамаша көңіл күй сыйлаған курсанттарға да айтар алғысымыз шексіз.

Академия баспасөз қызметі