«Еліңе адал қызмет ет!»

«Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз!»

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан).

Өз қызметтік жолын еліне қызмет етуге арнаған жандардың басты міндеті – еліне адал қызмет ету, Отанының гүлденуіне өз үлесін қосып, өмірде өз орнын тауып, туған жеріне, халқына аянбай еңбек ету.

Бүгінгі біздің іс-шарамыз да осы тақырыпқа арналды. 2018 жылдың 25 ақпаны күні Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының қызметкерлері 2 курс бастығының орынбасары, полиция капитаны Д. Майшинмен бірлесе отырып, «Еліңе адал қызмет ет!» тақырыбында патриоттық тәрбие беру мақсатындағы тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатына өз қызметтік жолын Отанына қызмет етуге арнаған, ішкі істер органдарында 19 жыл жұмыс тәжірибесі бар, елім деп соққан жүрегі бар, намысы мен қайраты бар  қызметкерлердің бірі – Астана қ. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кезекші бөлімінің аға инспектор-кезекшісі, әділет майоры Сағиев Айдын Құмарбекұлы шақырылды. Қазіргі уақытта Академия қабырғасында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатқан қызметкер курсанттарға дәрісін осы қиындығы мол жолды таңдап, халыққа қызмет етуге бекінген болсаңдар қабылдаған анттарыңа берік болыңдар деп бастады. Тарихқа жүгіне өткен тәжірибелік қызметкер ата-бабаларымыздың аңсаған тәуелсіз елінің жастарына Отан, Отанға деген сүйіспеншіліктің, Елін, жерін сүюдің, адалдықтың, адал қызметкер болудың, өмірде өз орнын таба білудің маңыздылығын түсіндіре отырып, әр азамат өз елінің патриоты болу керектігін айтты.

Сонымен қатар, өзінің қызмет жылдарындағы қызықты оқиғаларымен және есте қалған сәттерімен бөлісті. Жұмыла тыңдаған курсанттар әңгіме соңында өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты және толық жауап алды. Сөзінің соңын Айдын Құмарбекұлы Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңінің бір шумағымен аяқтады:

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!

 Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының аға оқытушы әдіскері полиция капитаны Б. Нуркина  

2 курс бастығының орынбасары Д. Майшин