Өміріміздің жарқын болашағы – Рухани жаңғыру


Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Н.Ә. Назарбаев

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кемел келешекке жетелейтін өзекті мақаласы бүгінде қоғамда қызу талқыланып және іске асып жатқаны белгілі. Соның бір айғағы Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №11 бөбекжай – бақшасындағы «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» атты әке мен бала бірлескен топ аралық сайысы. Бұл сайыстың басты мақсаты, ұлттың өзінің ұлттық кодын яғны салт-дәстүрін, тарихын генетикалық жадысын сақтап қалуға баулу. Өйткені тамырынан үзілген бәйтерек ол жапырақ жаймайтыны сияқты негізгі дәстүріне тамырына сүйенбеген халық ұзаққа бармайды. Міне сол себепті де Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген. Иә, ұрпақ тәрбиесі аса маңызды іс. Бұл ретте мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері атқарар істер де ұшан-теңіз. Қоғамның кішкентай мүшелерінің ертеңгі күні еліміздің нағыз отансүйгіш, елжанды азаматы болып қалыптасуына алдымен ата-ана жауапты десек, сол тәрбиені одан әрі дамытып, бала санасына сіңіруде балабақша тәрбиешілерінің де төгер тері аз болмаса керек.


Бұл сайысқа Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 1 курс магистранты Сабырбеков Жәнібек ұлы Әділбек Нұрасылмен қатысты. Сайыс барысында өзін таныстыру, қолөнер, жеті ата, өз өнерлерін көрсету сонымен қатар, ұлттық ойындарымыз да ойнатылған тартысты кездесу өтті. Әр команда әр қырынан өздерінің басымдықтарын көрсетіп бақты. Сайыс соңында әділқазы мүшелері Сабырбековтар отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясымен бас жүлдеге ие болғандығын айтып грамотамен және сыйлықтармен марапаттады.


Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, болашақ ұрпақты саналы тәрбиелеу үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби ойын әрбір ұстаз, әрбір ата-ана өздеріне қағида ретінде ұстанса құба-құп болар еді.


Осындай сайысты ұйымдастырған Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №11 бөбекжай – бақшасының қызметкерлеріне және «Қызғалдақ» тобының тәрбиешісі Сайпилова Ләззат Кабикеновнаға алғысымыз шексіз.

ЖООК білім беру институтының магистратурасы