2 курс жеке құрамының Академия басшылығымен кезекті кездесуі

2018 жылдың 8 ақпанында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында 2 курс жеке құрамының Академия басшылығымен кезекті кездесуі өтті. Сонымен қатар аталмыш кездесуге 2 курс басшылығы, Күндізгі оқыту факультетінің бастығы және 2 курс аға әдіскері, жеке құрам бойынша инспектор және оқу топтарының жетекшілері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты — қызметтік тәртіпті барынша нығайту, тәртіптік құқық бұзушылықтарды болдырмау және заңдылықты қатаң сақтау, оқу процесіндегі білім сапасын арттыру және қысқы емтихандық сессияның нәтижелерін қорытындылау. Сондай-ақ, оқу орнымызда ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік үйірмелер мен іс-шаралар жайлы мәселелер қарастырылды.

Кездесу барысында Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы оқу процесі мәселесін көтеріп үлгерім көрсеткіштері төмен курсанттармен сұхбат жүргізді. Академия бастығының оқу жөніндегі орынбасары полиция полковнигі А. Нурушев пен Күндізгі оқыту факультетінің бастығы полиция полковнигі Г. Кульжановаға оқу процесіндегі талаптарды мақсатты түрде қатаңдатуды тапсырды.

Академия бастығы полиция генерал-майоры М. Қызылов курсанттарға биыл Академиямызда «тәртіпті нығайту» жылы екендігін де айта кетті. Сол себепті, Академия қабырғасында жоғары әрі сапалы білім алып жүрген әрбір курсант Ішкі істер органдары қызметкерлеріне лайықты болуы тиіс және өздерінің қызметтік міндеттеріне саналы түрде үлкен жауаптылықпен қарап,  қызметтік тәртіпті сақтаулары керек. Сонымен қатар, ең бастысы курсанттардың арасындағы сыйластық және адамгершілік қасиеттері мен құндылықтарының сақталуы.

 «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші барлық аталып кеткен  өзекті мәселелерді шешу жолдарына келер болсақ, оқу топтары жетекшілерінің тәрбие жұмысын ұйымдастыруда атқаратын рөлі өте зор. Кездесу соңында Академия бастығы курсанттармен жеке сұхбат жүргізіп, олардың өзіндік ой-пікірлерін сұрады. Алдағы күндері «Кіші командирлер» сайысы ұйымдастырылып жатқанын еске сала отырып, сайысқа белсенді түрде дайындалуларын бұйырды. Сондай-ақ, курс белсенділерімен оқу процесіндегі білім деңгейін арттыру және тәртіптік құқық бұзушылықтарды алдын алу бағытындағы жоспарлар талқыланып,  ұсыныстар тыңдалды.

 

Академияның курсанттар

баспасөзі қызметінің мүшесі,

2 курс курсанты

полиция қатарындағы

Эльмира Канатчина