Академияның «тауық» жылындағы табысты жетістіктері

Қазіргі таңда ҚР Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының  есімі елімізге етене таныс. Бүгінде білдей білім ордасының беделі күн санап артып келеді. Бұл әрине, қажырлы еңбек жасап жатқан академияның  тұрақты және ауыспалы  құрамның айрандай ұйып, бірліктері жарасып отырған ерен еңбегінің арқасы дер едік.

Жалпы Академияның бүгінгі жеткен жетістіктері ұшан теңіз десек, артық айтқандық емес. Сөз жоқ, бұл жетістіктерді Қостанай академиясының жемісі ғана емес, еліміздің білім, ғылым және спорт саласының дамуына қосқан зор үлесі деп бағалауға әбден болады. Олай болса, академиялықтар үшін  «тауық» жылының тауқыметінен гөрі, таудай табыстары мол болғанын ауыз толтырып айта кеткенді жөн көрдік.

Білім саласына тоқталар болсақ, өткен жылы Академияның көптеген қызметкерлері мен курсанттары елімізде, одан қалды алыс-жақын шетелдерде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болды. Бұл білімдерін, тәжірибелерін жетілдіріп, Академияның курсанттарын білім нәрімен толықтай сусындатып отырған ғалымдарымыздың ізденімпаз еңбекқорлығының таптырмас бір қайнар көзі деуге болады. Мәселен, Академия бастығының орынбасарлары полиция полковнигі А.Нурушев өз тәжірибесі мен білімін тереңдету мақсатында былтырғы жылы Еуропалық Кеңесі жобасының ұйымдастыруымен Лондон қаласына іссапарға барды   (Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі), ал полиция полковнигі С.Бачурин Ресей жерінде өткен халықаралық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Бұдан басқа да көптеген қызметкерлер осы тәріздес конференция, дөңгелек үстел жұмыстарына қатысып, басқа да тәжірибе алмасу және біліктіліктерін жетілдіру семинарларына қатысты.

Тағы бір сүйінші хабар өзіміздің әріптесіміз, полиция капитаны, педагогика және психология магистрі Мырзабек Туйгановтың «Вопросы трансформации ислама в Казахстане» атты ғылыми еңбек кітабы Германияның халықаралық «Lambert» басылымында жарыққа шықты. Мырзабек Сардарбекұлы Қазақстан Республикасы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясы «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік секциясымен ұйымдастырылған сайысқа қатысып «Жылдың үздік жас ғалым» номинациясына ие болды.  Бізде жемісті жетістікке жеткен әріптесімізді шын жүректен құттықтаймыз.

Білім  айдынына енді ғана қанат қағып, тәжірибе жинақтап жүрген курсанттарымыз да Академия абыройын асқақтатып, өз деңгейлерінде жүлделі орындарға ие болуда. Былтырғы жылы наурыз айында Ресейдің (Рязань қаласы) ФСИН Академиясында өткен ҮІ-ші халықаралық «ВИВАТ, КУРСАНТТАР» атты шығармашылық апталығына Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары қатысып, қылмыстық процесс және криминалистика бойынша бейнефильм түсіріп, 1-ші дәрежелі дипломмен және зияткерлік ойында 3-ші орынды иеленді. Бұл да болса, өзге елде намыстарын қолдан бермей, еліміздің туын биікте желбіретіп қайтты. Бұдан басқа білім, ғылым саласында да курсанттарымыздың  жеңісі ұшан теңіз. Тағы бір Академиямыздың белсенді курсанты 3 курс курсанты жас ғалым Зауреш Самбетова қазан айында Ақтөбе қаласында өткен республикалық криминалистика бойынша зияткерлік олимпиадаға қатысып, «Кримцесса» номинациясы бойынша ханшайым атанды.

Ал, спорт және тәрбие жұмысы саласына келетін болсақ, Академияның жетістіктері өте көп. Мәселен, Астана қаласында өткен республикалық «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының ойынында 10 команданың ішінде жұлдыздары жарқырап, бірінші орынға ие болған да осы біздің курсанттарымыз болатын. Бұл дегеніңіз, иығына погон таққан курсанттарымыз елді қорғап қана қоймай, сонымен қатар сахна төрінде де бойларындағы өнерлерін  паш етіп, әртістік қабілеттерінің бар екендіктерін  де көрсете білді.

Жалпы спорттың дененің шымырлығын, мидың есте сақтау қабілеттілігін арттыратынын көпшілігіміз жақсы білеміз. «Спорт жан мен тәннің тазалығы» деп ұрандатқан академия қызметкерлері мен курсанттарының спорт саласында жеткен ең айтулы оқиғалары да аз емес. Офицерлер мен курсанттардың толықтай құрамы спорттың әртүрімен айналысады. Біреулер өздері үшін үстел теннисін ойнаса, біреулер доп қуып футбол ойнайды. Ал енді біреулері жауынгерлік самбомен шұғылданып, қазіргі таңда спорт шеберлігі атағын қорғап, ел мақтанышына айналуда. Соның ішінде, былтыр Қостанай өңірінде өткен Татар халқының сабан тойын ауыз толтырып айтуға болады.  Дәстүрлі мереке  тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ашылған «Тәуелсіздік» жағажайында өткен болатын. Еңбектің берекесін, берекенің мерекесін кіргізген ұлан-асыр думанды тойда қарапайым халық спорттың бірнеше түрінен өзара жарысқа түсті. «Бағанға өрмелеу», «бағанмен жерге құламай жүріп өту», «арқан тартыс», татардың ұлттық спорты «белбеу курашы» сияқты қызықты спорттық ойындар өтті. Әсіресе, көпшіліктің назарын аударған спорт түрі – «белбеу курашы» болды. Бір қуанарлығы, бұл сайысқа ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының оқытушысы, Қазақстан Республикасының самбо күресінен спорт шебері, бірнеше дүркін «Қазақ барысы» жарысының қатысушысы, полиция майоры Ержан Қабидуллинов қатысқан еді.

Татар президенті Рустам Минниханов өз атынан бас жүлдеге Лада Гранта автокөлігін тігіп, балуандар мен көрермендердің делебесін қоздырып, қызықтырып қойды. Аталмыш спорт түріне Ресей, Татарстан, Қазақстаннан 23 балуан қатысып, бақ сынасты.

Ақтық сында бақ сынаған әріптесіміз Ержан Қабидуллинов РФ еңбек сіңірген спорт шебері, татар халқының Ұлттық «Белбеу курашы» жарысының 3 дүркін чемпионы Ильфир Анваровпен белдесіп, 1 минутқа жетер-жетпес уақытта, әдемі айла-тәсіл жасап, таза жеңді. Осы сәтті тағатсыздана күткен көрермендер Ержанға ризашылықтарын білдіріп, ұзақ уақыт қол шапалақтады. Міне, осылай көптің арасынан бағы жанған әріптесіміз Татар Президентінің атынан тігілген автокөлікті қанжығасына байлады. Бұл жеңіс академия қабырғасында оқып жатқан және спорт десе ішкен асын жерге қоятын курсанттар үшін үлкен ынта-жігер болды. Міне, осылай Ержан бауырым үлкен ерлік жасап, ел ауызында, тарихта ұмытылмастай есте қалды.

Білікті әрі тәжірибелі ұстаздарының арқасында көптеген курсанттар спортта талай жетістіктерге жетіп, Академияның есімін көпшілікке танытып жүр. Бүгінгі таңда Академияда әртүрлі спорт түрлерінен 15 спорт шебері және 74 спорт шеберінен үміткер курсанттар білім алады. Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап 6 спорт шебері шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Бұл мыңнан астам курсанты бар академия үшін өте тамаша көрсеткіш деп ауыз толтырып айта аламыз. Бұл спортышлардың арасында саусақпен санарлық, ел мақтанышына айналып үлгірген спортшы қыздарымыз 2 курс курсанты, балуан, спорт шеберінен үміткер Миіргүл Әлімбаева және 1 курс курсанты балуан, талай жарыстың жүлдегері Гүлнұр Максетованы айта кеткенді жөн көрдік.

47 жылдық тарихы бар оқу орнының қазіргі даму қарқыны, ел арасында танымалдылыққа иелігі күн санап артып келеді. Жасыратыны жоқ, еліміздің Үкіметі, облыс билігі де Академияны өздері өткізген іс-шараларға әрдайым атсалыстырып тұрады. Оған дәлел, Астана қаласында ұйымдастырылған халықаралық деңгейде өткен «ЭКСПО-2017» көрмесіне Академияның 200-ден астам 2-3 курс курсант-қыздары қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысып, абыроймен атқарып келді. Аталмыш қыздар көңілден тыс қалмай, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығының атынан алғыс хатқа ие болды.

 Одан қалды, Қостанай облысы Амангелді ауданында өткен республикалық маңызы бар «Кейкі батырдың» денесін жер қойнауына тапсыру рәсіміне қатысып, облыс әкімінің атынан алғыс хат алып, елдің мол ықыласына бөленіп, тағы да Академияның абыройын арттырып қайтты. Бұл әрине, темірдей тәртіпке бас иген, өз елінің шынайы отансүйгіш ұрпақтарының Академия қабырғасында тәрбиеленіп жатқаны үлкен мақтаныш. Жалпы курсанттар қоғамдық өмірге немесе білім және спорт жарыстарына қатыссада барлығында абыроймен атқарып, үлкен биіктерден көрінуде.

Елінің осындай патриот болып өсуіне Академия қабырғасында жұмыс жасайтын, Тәрбие жұмысы бөлімінің еңбегі зор деуге болады. Сондай-ақ ел арасында жүргенде мәдениетті өзін-өзі ұстай алатын салмақты болу үшін, Академияда «мәдениет» университеті жұмыс жасайды. Бұл университеттің сабақ кестесіне орай курсанттардың асханада қалай отырып тамақ ішуінен бастап, ел алдында салиқалы ойлар айтып, мәдениетті сөйлеуіне дейін үйретн, облысымызға белгілі білікті мамандар дәріс береді. Осының арқасында көптеген курсанттарымыздың қазіргі таңда мінез-құлықтары жақсы жаққа өзгеріп жатқанын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Тіпті биыл осы аталмыш университеттің аясында Қостанай қаласының орталығында алғаш рет 2 жұптан құралған курсанттардың еңбегімен «Вальс» биі көпшілікке тарту етілді.

Міне былтырғы жыл соңында, Қостанай академиясының қызметкерлері және курсанттары Қостанай қаласында орналасқан 8 жоғары оқу орындары арасында  ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл Агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаменті «Адал бол» тақырыбында өткізген флешмоб форматындағы кеңмасштабты акциясына да белсенді қатысып, бірінші орынды иеленді. Осының барлығы оқытушылар мен курсанттардың қажырлы еңбектерінің арқасы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілінбей» деген осы шығар. Қарқынды еңбектің арқасында Академия ұжымы мен облыстық «Qostanai`» телеарнасымен бірлескен жаңа жылдық мега жоба да түсірілді. 15 сағатқа созылған телебағдарламада Академия ұжымы белсенділік танытып,  журналистиканың қыр-сырына қанық болды. Аталмыш жоба қазіргі таңда облыстық телеарнадан көрсетіліп, миллиондаған көрерменнің көзайымына айналды. Осы атқарылған игі істердің барлығы Академияның беделін көтеріп, оның болашақта еліміздің барлық тұрғындарына етене таныс болатынына сөз жоқ.

Жетістіктен басқа да батырлық танытып жүрген курсанттарымыз да аз емес. Соның қатарында ерлігімен ерекше көзге түскен 3 курс курсанты Еркебұлан Төлебеков пен Нұрбол Самкенің күзгітұрым «Тобыл» өзеніне суға батып бара жатқан бойжеткенді құтқарғаны, батырлығымен ажалға арашы болғаны әлі күнге дейін ел аузындағы аңызға айналды.

Жаза берсек, жетістіктер әлі де жетіп артылады. Оның барлығын қағазға түсіру мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да Академияның туы төмен түспей, көкте әлі де абыроймен желбіреп, Ит жылы да бұдан да биік шыңдарға жете беретініне сеніміз мол.

 

 Ш. Қабылбаев атындағы

Қостанай академиясының

баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов,

Қостанай қаласы

Фото: С. Камалов