Танымды кеңейткен тақырыптық көрме

Жуырда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жалпы кітапханасында  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде курсанттарға кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілі графикасының тарихы және латын әліпбиіне көшу» тақырыбында шағын көрме өткізілген болатын. Елбасымыздың мақаласы аясында өткізілген танымы мол көрмеде еліміздің өзекті, көкейкесті тақырыптарының бірі болып табылатын «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі» мәселесікөрме қатысушыларының арасында қызуталқыға түсіп, әркім өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Елбасымыздың салиқалы саясатын, тарихи шешімін насихаттау мақсатында ұйымдастырлыған тақырыптық көрме барысында курсанттардың назарына танымал республикалық және аймақтық басылымдар ұсынылды.

Еліміз тәуелсіздік тәжін кигеннен бері көптеген қазақ тілшілері латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Тіл тарихына үңілер болсақ, 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен болатын. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Ұлтымыз басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін де білеміз. Олар: біріншіден—1929 жылға дейін араб әліпбиі, екінші—1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі және үшіншісі—1940 жылдан бастап қолданысқа енгізілген кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі. Ғалымдардың пікіріне сүйенер болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Айталық Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін Бұқаралық ақпарат құралдарында латын әрпіне көшу туралы көптеген пікірлер туындағаны да сөзсіз. Сондай-ақ бұл мәселенің әрбір аспектісі талқыланып, қоғамның әртүрлі өкілдері осы шешімді жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстарын енгізуде. Жалпы айтарлық жағдай латын әліпбиіне көшу – әріптің таңбасын ғана өзгерту емес, оның саяси мәні тереңде жатыр. Көрмеге қатысушы курсанттар келешегі зор әліпбиді оқып-үйрену өздері үшін зор абырой екенін атап өтті. Сонымен қатар, көрме ұйымдастырушылары Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мұрағатында 1930-1940 жылдардағы газет баспалары әлі күнге дейін сақталып келгенін айтып кетті. Тамыры тереңде жатқан қазақ тілінің тарихына көз жүгіртіп, ой бөлісу арқылы білімін шыңдап, өрісін кеңейтіп қайтқан курсанттар аталмыш көрменің ұйымдастырлығанына ризашылықтарын білдірді.


Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай

академиясының баспасөз хатшысы

Мейрам Оспанов,

Қостанай қаласы