Шығу сабақтары аптасы

Әкімшілік құқық және әкімшілік қызмет кафедрасының ұйымдастыруымен күндізгі оқыту факультетінің 3 курсының бірнеше топтарының курсанттарына 20-22 қараша аралығында сабақ кестесіне сәйкес Көліктегі ішкі істер департаментінің Қостанай станциясындағы Желілік ішкі істер бөліміне шығу сабақтары ұйымдастырылды.

Сабақ басында ЖІІБ қызметкерлері курсанттарға бөлімдерді аралатып, экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия барысында әр бөлімнің қызметімен таныстырды. Одан әрі курсанттар әр бөлім қызметкерлерінің өзінің саласы бойынша дәрістерін тыңдады.

Үшінші күні шығу сабағында Желілік ішкі істер бөлімінің профилактикалық іс-шаралар күніне тап болған курсанттар аталған бөлім қызметкерлеріне темір жол нысандарында балалардың қауіпсіз жүрісінің ережесі, темір жол көліктеріндегі жеке заттарын сақтау туралы буклеттер таратып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге атсалысты.


Сондай-ақ, аталған бөлім қызметкерлері курсанттарды темір жол вокзалының ғимаратында орналасқан темір жол мұражайына да апарды.


Курсанттар өткізілген сабақтар нәтижесінде Көліктегі ішкі істер департаментінің жалпы қызметімен және халықпен жұмыс жүргізуімен танысты. Өткізілген сабақтар курсанттардың көңілінен шығып, сабақ өз мақсатына жоғары деңгейде жетті.

А. Сагалиева,

А. Мұрат

Әкімшілік құқық және әкімшілік қызмет

кафедрасының оқытушылары