Қазақстан пробациясына Құқық бұзушылар тәуекелдерін бағалау жүйесі құралына байланысты пилоттық жоба қолданысқа кіреді

Елбасы жариялаған 5 институттық реформаны іске асыруға бағытталған Ұлт жоспарының 33-қадамы «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне (пробация) тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіруді» көздейді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша пробация қызметін дербес, жеке институт ретінде бөліп шығару бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалту, оларды жұмысқа орналастыру мәселелерін және тұрмыстық проблемаларын шешу шараларын жүйелі негізде іске асыруға мүмкіндік береді.

Осы пробация қызметіне байланысты 2017 жылдың 6-8 қараша күндері Астана қаласында EUCJ жоба шеңберінде өткен құқық бұзушылар тәуекелдерін бағалау жүйесі құралдарын әзірлеуге ІІО-да әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры К.Туретаев және педагогика және психология кафедрасының оқытушысы полиция аға лейтенанты Н.Турсумбаева іссапарға барып келді.

Құқық бұзушылар тәуекелдерін бағалау жүйесі құралының басты мақсаты қылмысқа айыптылар арасында қылмысты қайталаушылықты болдырмауға және оларға әлеуметтік, заңгерлік және психологиялық қолдау мәселелері бойынша кеңес беруге бағытталған функцияларын ұйымдастыру болып табылады. Құқық бұзушылар тәуекелдерін бағалау жүйесі құралына байланысты пилоттық жобаны ұйымдастыруға еуропалық одақтың мүшелері, атап айтқанда, Ұлыбританиялық сарапшылар мен ҚАЖК-ң, Астана, Қарағанды қаласының пробация саласындағы қызметкерлері, сонымен қатар Қостанай академиясының қызметкерлері өз үлестерін қосты.

Бұл пилоттық жоба Англияның «OASys» жүйесіне сүйене, бірақ Қазақстан пробациясының мәселерін ескере отырып жасалды. Енді осы пилоттық жоба Астана және Қарағанды қаласындағы пробацияның «үкім шыққаннан кейінгі» және «бостандыққа шыққаннан кейінгі» екі моделіне байланысты қолданылады. Аталған пилоттық жобаның нәтижесі 2018 жылдың ақпан-наурыз айларында белгілі болмақ.

        

Болашақта Қазақстанда пробацияның 4 моделі де толыққанды іске қосылып және осы «Құқық бұзушылар тәуекелдерін бағалау жүйесінің құралы» пилоттық жобасы өз жемісті нәтижесін береді деген жарқын үміттеміз.

Педагогика және психология

кафедрасының оқытушысы

полиция аға лейтенанты

Н.Ж.Турсумбаева