Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған тәрбие жұмысы

2017 жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының дәріс залында 1-3 курс жеке құрамына Тәрбие жұмысы бөлімі мен курс басшылықтарының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде бейнеролик көрсетілді. Бұл бейнероликте Елбасымыздың мақалада көтерген сананы жаңғырту, ұлттық болмыс, ұлттық, рухани код, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы ауқымды да өзекті мәселелер қарастырылды. Ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен, жоспарларымен  бөліскен бұл мақала бірінші кезекте әрбір адамның дүниетанымын, ой-санасын жаңғыртудан басталады.

Қазақстанның гуманитарлық білім жолындағы қол жеткізген жетістіктері, Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стартегиясының жаңа бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы негізгі бағыттары, сондай-ақбүкіләлемдік, жаһандық экологиялық мәселелер аталып өтті. Бүгінгі күні еліміз жаңа дәуір есігін ашқалы тұр. Бұл дәуірді инновациялар дәуірі, ғаламат жаңалықтар ашу немесе технологиялық жетілу дәуірі десек те болады. Саясат пен экономиканы модернизациялау маңызы өте зор. Алайда осы жаңғырудың маңызы әрбір адамға байланысты, ол үшін ең алдымен айтып кеткендей адамдардың санасын, олардың дүниетанымын өзгерту қажет. Сондықтан бұл дәуірде өмір сүру үшін жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілікке ие білімді қызметкерлермен қарулану керек. Жалпы бұл серпін экономикалық немесе басқа да көрсеткіштерді көтерумен шектелмейді, енді ойлау модернизациясы, өмір сүру дағдысын модернизациялау, сана модернизациясын дамыту іске асырылады. Елімізді алға жетелеу ой-санасы жаңашылдыққа икемді, өзгерістерге бейім, темірдей тәртіпке ие, әрі өз-өзін үнемі жетілдіріп отыратын, өз елінің тарихы мен мәдениетін жетік білетін, оны құрметтейтін, әлемді жақсылыққа бастар күш-қуатқа толы бүгінгі жастар қолында. Дамушы елімізге батыл да білімді, шұғыл шешім қабылдай алатын, заңи тұрғыдан кәсіби мамандар қажет. Олар бүгінгі мектеп оқушылары мен студенттер болып табылады.

Осылайша, Үшінші модернизацияның алға қойған мақсатын ұғындыру, болашақта еліміздің дамуына қандай үлес қоса алатынымыз жайлы, сондай-ақ курсанттардың бойындағы нағыз, шынайы патриоттық сезімді тәрбиелеу мақсатында, біліміне іскерлігі сай жастардың қолынан келетін істер жайлы, болашаққа жасар қадамның маңызды жоспарларын ұсынған бұл бейнероликтің тәрбиелік мәні мен мағынасы курсанттар үшін өте зор болды.

Академия баспасөз қызметінің мүшесі  2 курс курсанты

Э. Каначина