Рухани келісім күніне

XXI ғасыр – жаһандық рухани геостратегиялық кеңістіктегі ділдер (менталитеттер) арасындағы тайталас кезеңі. Рухани геостратегиялық кеңістік адамзат санасының дамуына, адам мен қоғам, қоғам мен табиғат қатынастарына ықпал ететін әлемдік қауымдастықтың ортақ мәдени, ақпараттық, ғылыми, діни кеңістігі. XXI ғасырда әскери күштер табиғи ресурстарды бақылау үшін жүргізілетін қақтығыстарды ұмытты. Олардың қақтығыстары материалдық емес, рухани құндылықтарды, оның ішінде адам психикасын (ішкі сезімі мен көңіл-күйін) көздейтін жасырын күрес сипатына ие болып келеді. Азаматтарымыз, әсіресе жастарымыз бұл шындықты дер кезінде аңғарып ұғынбаса, рухани (адамгершілік, парасаттылық пен сұлулыққа құштарлық) қажеттіліктердің үстемдігі мен басымдылығын мойындамаса, әлемдік үдерістердің құрбанына айналары сөзсіз.

Осы төңіректе әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұжымы тәрбие жұмысы бөлімімен бірге Халықаралық келісім күніне арнап дөңгелек үстел өткізді. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессионалды қатынастар» атты дәстүрлі дөңгелек үстелдің жемісті өтуі үшін Діни істер жөніндегі Комитетінің дін сұрақтары бойынша ғылыми-зерттеулік және сараптама орталығының ғылыми қызметкері Гайко Ольга Александровна, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы Мустафина Толғанай Вагизовна шақырылды. Курсанттар рухани мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, өз пікірлерін білдіріп ғана қоймай, сұрақтарын қойып, қажетті кеңестер мен ұсыныстар алды.