Мәдениет қайраткерімен кездесу

Театр – нағыз өнердің киелі де, рухани ордасы. Сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі, ойын-сауық немесе спектакль, түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын.          Міне, бүгін осындай өнер ордасының бір мүшесі, Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі, 2003 жылдан бері осы театрда жұмыс істеп келген, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері –Иманов Қабдол-Мәжит Сүндетұлы ҚР Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Мәдениет университетінің кестесіне сай 1,2 курс курсанттарына дәріс өткізді.Дәріс барысында театр қызметкері курсанттарға өзінің басынан кешірген қызықты оқиғалары, қызыққа толы студенттік өмірі жайлы айтып берді. Театр жолында 35 жылдан артық еңбек етіп келе жатқанын, сондай-ақ театр әртісі болуды бала кезінен армандағанын, еңбек жолында түрлі сомдаған сахналық рөлдері жайлы, жалпы халықтың, сонымен қатар қазіргі жастардың театрға, өнерге деген көзқарасы жайлы пікірмен ой бөлісті. Қазақстан Республикасының президенті, елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты үндеуі жайлы да айтып кетті. Жоғарыда айтып кеткен студенттік өміріне келетін болсақ, мәдениет ошағының қызметкері студенттік жылдарын Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өткізген болатын. Мұнымен қоса, актердің отбасысы да театр өміріне жақын екенін білдік. Курсанттар қызығушылық танытып, әртістің шығармашылық қызметі жылдарында неше рөл сомдағанын, қандай атақты спектакльдерде ойнағаны жайлы сұрақтар қойды. Жалпы, мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі  «Ахмет Байтұрсынов», «Хан Кене» т.б. атақты да танымал спектакльдерде рөл сомдаған екен. «Оңай рөл болмайды. Кез келген рөлді алғаннан кейін, сөзін жаттау өз алдына, кейіпкердіңмінездемесін іздеп, жүріс-тұрысын, киім киісін зерттеп, тарихымен танысқаннан кейін ғана барып сахнаға шыға аласың»-, деп театр өнерінің ауыртпашылықтарын да атап өтті. Сондай-ақ, жуырда «Шырақбек Қабылбаев» пьесасы жазылып аяқталғанын және жақын арада спектакль қойылу жоспарланып жатқанын жасырмады. Курсанттардың белсенді өмірлік ұстанымын, жоғары адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, әдебиет, өнер, ғылым саласындағы білімдері мен жетістіктерін жетілдіруді мақсат еткен Мәдениет университеті ұйымдастырған кездесу өте жақсы өтті деуге болады. Кездесу соңында мәдениет ошағының қызметкері Мұқағали Мақатаевтың «Арманда» атты өлеңін оқып беріп, курсанттарға ізгі тілектерін білдірді.

                                                                 

Курсанттар баспасөз қызметінің мүшесі,

полиция қатарындағы Э. Канатчина