Театр 17 маусымының шымылдығын ашты

Тәрбиелік жұмысты жүзеге асыру, жастарымыздың бойына жоғары мәдениет пен қоғамдық ой-сананы сіңіру, өнерге деген сүйіспеншіліктерін ояту, күнделікті күйбең тіршіліктен демалу мақсатында үстіміздегі жылдың 11 қазанында ғылыми және педагогикалық магистратураның 1 курс магистранттарымен театрға бардық.

Облысымыздағы өнердің қара шаңырағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры он жетінші маусымының шымылдығын ашты. Маусым қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, ұлттық мектептің қалыптасуына терең із қалдырған — Ыбырай Алтынсариннің қойылымымен  ашылды.

Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Ыбырай қойылымы өзіне тән бояу — өрнегі бар, адамға терең ой салатын спектакльдердің бірі, режиссер қойылымның мазмұн-желісін, идеялық негізін аша білген, өз кезегінде актерлер де спектакльдің көркемдік-эстетикалық, эмоциялық тұстарын шеберлікпен аша білді.

Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген магистранттарымыз облысымыздың театрының босағасын алғаш аттап қана қоймай, оның сұлу ғимаратына, қойылымына сүйсініп қалды. Спектакльді бар ынтызарымен тамашалап, жақсы әсер алып қайтты.

Біз бір ғана театрмен шектеліп қалмаймыз, алдымызда әлі екі оқу жылы бар, Қостанайдың көптеген мәдени, көрнекті орындарына баруды жоспарлап отырмыз.

Магистратура аға оқытушы-әдіскері

полиция майоры

Г. Едресова