ІІ-ші үздіктер слеті мен бірінші курс курсанттарының оқуға қабылдану рәсімі

2017 жылдың 12 қазанында «Мирас» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ІІ-ші үздіктер слеті мен бірінші курс курсанттарының оқуға қабылдану рәсіміне арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Аталмыш ауқымды іс-шараға Академия басшылығы, кафедра бастықтары, профессорлық-оқытушылық құрам, курстық звено, 1 курс оқу топтарының жетекшілері, үздік түлектер, 1-4 курс курсанттары және Академия курсанттарының ата-аналары қатысты.

Іс-шараның бірінші бөлігінде Академияның қоғамдық өміріне белсене ат салысқан, оқуда үздік нәтиже көрсеткен, ғылыми шығармашылық жетістіктерге жетіп, жоғары белестерден көріне білген, білімге ұмтылған, Академиямыздың беделін көтеру үшін табанды түрде еңбек еткен оқу озаттарын марапаттау рәсімі болды. Оқу орнымызда бүгінгі күні осынау еңбектері үшін мақтан тұтарлық 60 оқу үздіктері бар. Олардың саны жылдан-жылға өсетініне сенімдіміз.Біздің Академиямызда сапалы білімнің маңызын ұғынған осындай курсанттардың болуын мақтан етеміз. Оқу үздіктерін Қостанай академиясының бастығы,профессор, полиция генерал-майоры Мирлан Ахмедияұлы Қызылов жылы лебізбен тілектерін білдіріп, құттықтап өтті. Оқу үздіктерін марапаттаумен қатар, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың бұйрығымен бекітілген оқудағы үздік жетістіктер, сондай-ақ ғылыми және қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін 4 курс курсанттары полиция сержанты Шемет Татьяна, полиция сержанты Талғатқызы Ақерке, полиция сержанты Каирбулатова Аида, полиция кіші сержанты Ильясов Руслан және полиция қатарындағы Жунисова Индира «Оқу орнының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

Салтанатты іс-шараның екінші бөлігі бірінші курс курсанттарының тұсаукесеріне арналды. Қоңырау үніне селт етіп, сабақтың аяқталуы мен басталуын шатастырып, қысқа мерзімде оқытушылардың аты-жөндерін және жүздерін жаттауға тырысқан, ведомстволық оқу орнына енді ғана бейімделіп келе жатқан бірінші курс курсанттарына 4 курс оқу үздіктері полиция сержанты Шемет Татьяна мен полиция кіші сержанты Ильясов Руслан үндеу жолдады. Әрбір курсанттыңбіздің ЖОО-ның қабырғаларында алынған қажырлы еңбегі мен сапалы білімі, жоғары рухани құндылықтары және жеке адамгершілік сапалары, қоғамдық қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өзінің міндеттерін сапалы және тиімді орындау кезінде септігін тигізетініне,лайықты дәрежедегі кәсіпқой-маманның дайындығын қамтамасыз ететініне және қабілетті болатынына сенім білдіріп, оқуда озат болуға шақырды.

 Мерекелік кешіміздің қадірменді қонақтары, Академия қабырғасында білім алып жүрген курсанттардың ата-аналары да алғыстарын жаудырып, тілектерін білдірді. Осындай тамаша мерекелік кешке уақытын бөліп келіп отырған ата-аналарға біз әрине, қуаныштымыз. Сондай-ақ, Академиямыздың 2016 жылғы түлегі, алғашқы офицерлік шенін елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қолынан алған Нұрсұлу Есенгельдина іс-шараға арнайы келіп, кешіміздің қонағы болды. Ал, 2017 жылы арнайы атақты президент қолынан алған  Академия түлегі Бисагимова Айнұр іс-шараға арнайы келе алмаса да, бірінші курс курсанттарына жолдаған бейнежазбасын тамашаладық. «Курсант» деген атаққа ие болып, Академияда білім алғанын мақтан тұтты.

Салтанатты іс-шараны «Парасатты полицей» Республикалық конкурсіне қатысушы офицерлер барлық курсанттардың патриоттық сезімін оятқан «Қазақстан полициясы» әнімен аяқтады.

Осындай үлкен, айтулы іс-шараны ұйымдастырып, оған ат салысып қатысқан  жандарға алғысымыз шексіз. Осы кеш барысында айтылып кеткен барлық ерекше сезімдегі алғыстар мен тілектер қабыл болсын демекпіз.

Академияның  баспасөз қызметі

Мейрам Оспанов,

полиция қатарындағы Э. Канатчина