Мен заң тілін білемін

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының Қылмыстық процес және криминалистика кафедрасының оқытушылары полиция майоры А. Тимощенко, полиция капитаны А. Ғалым және полиция майоры Ж. Нұмағанбетованың ұйымдастыруымен 28 ші қыркүйек күні 307, 309, және 310 топтар арасында тілдер күніне орай «Мен заң тілін білемін» атты сайыс сабақ жүргізілді.

Үш топта белсене қатысып ашық сабақтың қызықты өтуіне ат салысты. Ашық сабақ жалпы үш деңгейден тұрды:

1.Тәрбие, заң, тәртіп туралы қазақша мақал-мәтел, нақыл сөздер сайысы.
2. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңын және ҚР Конституциясындағы тілге қатысты нормаларын білу деңгейін тексеру сайысы.
3. Атақты ақын жазушылардың тіл туралы өлендер сайысы.

Бірінші кезең яғни мақал-мәтелдер және нақыл сөздер сайысынан 307 топтың қатысушысы курсант Ермекұлы Рүстем керемет мақал-мәтелдермен өзін көрсете білді. Ал атақты жазушылардың тіл туралы өлендер сайысы кезеңінде 309 топ мүшесі Рахым Темірлан атақты ақын, қаламгер Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өленің мәнерлеп, жатқа айтып берді, сандай-ақ Мұқағали Мақатаевтың және басқа да ақындардың өлеңдері оқылды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент: «Қазақ тілі – біздің рухани күшіміз»–деген. Отаншылдық, Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім мемлекеттік тілді білуден басталады. Бұл сабақтың өткізілу себебі курсанттардың ана тілі байлығы, тіл туралы заңнамаларды, оның ішінде азаматтардың тілге қатысты құқығы жөнінде түсінігін кеңейту. Аталған шараның ең басты мақсаты әрбір адам, қызметкер өз құқығын біліп, өзгенің құқығын бұзбауға үйрету. Әрбір курсанттың бойында еліне, халқына, тіліне деген патриоттық сезімдерін ояту, Ішкі істер органдарының елін сүйетін адал қызметкері етіп тәрбиелеу. Ең бастысы заң талаптарын қатаң сақтау, заңды халыққа түсіндіре және жеткізе білу керек. Ал мұндағы түсіндіру құралы тіл болып табылады.

Түйіндей келе, осындай шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады деп ойлаймыз.

Қылмыстық процес және криминалистика
кафедрасының оқытушысы
полиция майоры
Ж. Нұрмағанбетова