Академия курсанттар баспасөзі қызметінің мүшелері басшылықпен кездесті

2017 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры М.А. Қызыловтың Академияның курсанттар баспасөз қызметінің мүшелерімен кезекті кездесуі өтті.
Кездесуге Академия бастығымен бірге орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов және академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов қатысты.
Академияның баспасөз қызметінің хатшысы, жетекшіміз М.М. Оспановтың бастауымен екі жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі азаматтарға аса маңызды оқиғалар, құбылыстар және процесстер жайлы мағлұматтарды таратудан тұрады. Әрине, бұл қызметсіз кез-келген қоғамның толыққанды өмір сүруі мүмкін емес.
Ал Академияның баспасөз қызметі оқу орнымызда күнделікті болып жатқан оқиғаларды, курсанттардың жалпы өмірі мен олардың білім беру үрдісіндегі, ғылым, өнер, спорт саласындағы қол жеткізіп жатқан түрлі жетістіктерін, олардың белсенді ұстанымдарын, мәдени-көпшілік іс-шаралары жайлы қол жетімді ақпараттарды қамтиды.
Кездесу барысында Академия басшысы курсанттардың алдағы жоспарларымен таныса отырып, өзінің бірнеше жұмыс бағдарламаларын ұсынды. Патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие, әлеуметтік-тәрбиелік және ғылыми жұмыс, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау, мәдени –көпшілік іс-шаралар, спорттық жұмыс және ең бастысы сапалы білім бағдарында жұмыс істеу негізгі мақсатымыз екенін, сонымен қатар шағын ұжымымыздың болашақта жарқын нәтижелер мен жетістіктерге қол жеткізуі үшін, өз ісіміздің кәсіби шебері атанауы үшін аянбай еңбек етіп және әрқашанда ауызбіршілік, татулық пен ұйымшылдықта болуымыз өте маңызды екенін айтып өтті. Және де мұндай курсанттардан құрылған баспасөз қызметі менің естуімше әлі ведмоствалық жоғары оқу орындарында құрылмағындығын сөз арасында айтып өтті. Тек бізде ғана енді ғана жұмысын бастап жатқан кішігірім ұйым мүшелеріне Академия бастығы алдағы уақытта сәттілік тілеп, қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарына көңілінің толатындығын жасырмады.
Себебі біз Академиямыздың кәсіби беделін арттыруға барынша күш-жігеріміз бен ынтамызды салып, оқу орнымыз тек қана биік белестерден көріне беруіне ат салысуымыз керек. Болашақта Академиямыз еліміздегі ең үздік оқу орындарының қатарында болуы үшін, жылдан-жылға көркейіп, өркендеп, нығаюы үшін әрбір курсант өз мүмкіндігінше аянбай жұмыс істеп, тер төгуі қажет.
Сондай-ақ, курсанттар баспасөз қызметінің қатарына енді қосылып жатқан, қолдарына қалам ұстап жатқан дарынды, ақын 1 курс курсанттарымен танысты. Әрбір курсанттың өзіндік ой-пікірін тыңдап, ұсыныстарымызды қолдады. Болашақта жоспарланып отырған бірқатар маңызды тапсырмаларды жүзеге асыруға бұйырды. Нақтылай келе курсанттардың өмірін одан әрі қызығырақ ету үшін және олардың бос уақытын ұйымдастыру, қызығушылығын тудыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру.
Кездесу барысында Курсанттар баспасөзі қызметінің барлық мүшесі бір ауыздан 2 курс курсанты полиция қатарындағы Динара Абдуллаеваны Академияның курсанттар баспасөзі қызметінің ұйымдастырушысы, әрі жетекшісі етіп сайлады.
Кездесу соңында Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов жуырда ғана жарық көрген, Академиямыздың тарихымен байланысты «Міндет, абырой, ерлік» журналын кездесуге қатысып отырған әрбір курсантқа шын жүректен сыйға тартты.

Академияның курсанттар баспасөзі қызметінің мүшесі,
полиция қатарындағы Э. Канатчина
Фотоны түсірген: С. Камалов