«ҚАБЫЛБАЕВ ҰРПАҚТАРЫН» ГЕНЕРАЛ ҚАБЫЛДАДЫ

Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен «Парасатты полицей» республикалық байқауынан жүлдемен оралған «Қабылбаев ұрпақтары» командасын академия бастығы қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов облыстардың, Алматы және Астана қалаларының ішкі істер департаменттері мен ведомстволық жоғары оқу орындарынан қатысқан 19 команданың ішінде алғашқы үштікке ену үлкен жеңіс екеніне және осымен тоқтап қалмау керектігіне тоқталды. Академия құрама командасының бұл жеңісі дайындыққа алдын ала қамданудың, тынымсыз еңбектенудің арқасында келгенін атады. Сегізінші рет өткізіліп отырған республикалық байқауда жоғары оқу орындары арасынан тұңғыш болып орынға ие болу – Академияның беделін арттыра түседі, сондықтан да бұл тарихи оқиға деді. Өз кезегінде, команда мүшелері де жарыстың кейбір маңызды тұстары жайында баяндап берді. Мысалы, Әділқазылар төрағасы полиция полковнигі Р.Құрымбаевқа біздің командамыздың ұтқыр әзілдері ұнаса, әділқазылар мүшесі, танымал актер Ғани Құлжановқа команданың жан-жақтылығы, киім үлгісі мен көріністі шоуға айналдыра алғандығы ұнағаны тілге тиек етілді.

Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов команданы техникалық және өзге де керек-жарақтармен қамтамасыз ету кезінде кейбір қиындықтар туындағанын, алайда олар басшылықтың тікелей қолдау көрсетуі арқасында тез шешімін тапқанын атады. Сонымен қатар композитор Қ.Деріпсалдиннің, ақын Н.Құлабаев пен фотосуретші С.Камаловтардың байқаудың маңыздылығын дұрыс түсініп, аянып қалмағандарын жеткізді.

Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов қасиетті Қызылжар жерінен олжалы оралған команда мүшелерін жеке-жеке құттықтап, алдағы жылы оңтүстіктегі Талдықорған қаласында өтетін байқауға қазірден бастап дайындыққа кірісу керектігін ескертті.

Құрбанәлі Елмұратов,

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы