Мемлекеттік тілді оқытудың екінші кезеңі басталды

4 қыркүйекте Академия қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курсының екінші кезеңі басталды. Курсқа 69 қызметкер қатысады. Сабақты өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген, орталықтың жоғары санаттағы оқытушысы Айткүл Масақбайқызы Доспанова жүргізеді. 5 қыркүйек күні Академияның 15 қызметкері «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында өткізілген, республикалық «Үздік сабақ» байқауына жолданатын ашық сабаққа қатысты. Сабақтың мақсаты мемлекеттік тілді оқытудың жаңа, баламалы, жетілдірілген, сапалы әдістемелерін жинақтау болып табылады.

Айткүл Масақбайқызы өткізетін әр сабаққа қызметкерлер белсенді, бар ынталарымен қызыға қатысады. Бұл жөнінде Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы полиция майоры Елена Сергеевна Федотова – Маған Айткүл Масақбайқызының сабақты тың әдіс-тәсілдерді қолданып, түрлендіре жүргізетіні ұнайды. Қазақ тілін іс жүзінде қолдануға төселіп келемін. Оның дәлелі ретінде, мемлекеттік тіл бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткізілетін әртүрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүргенімді айта аламын. Кешегі өткен ашық сабаққа да барлығымыз бірдей белсенді түрде қатыстық. Қазақ тіліне баулып, бар күш-жігерін сарп етіп жүрген өнегелі ұстазымызға шын жүректен алғыс білдіремін, – деп жүрекжарды пікірін білдірді.

Рысалды Айтмағанбетова,

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің

инспекторы