Курсанттар ата-аналарымен кездесті

2017 жылғы 24 тамыз күні Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқу — дала лагерінде жаттығып жатқан жас жауынгерлер курсының курсанттары үшін ата-аналарымен, туыс – туғандарымен кездесу үшін ашық есік күні өтті.

Балаларын сағыныштан сарғая күткен ата-аналар кездесуге көп жиналды. Кездесу барысында курсанттар 10 күн ішінде Академияның ішкі және сыртқы тәртібіне үйреніп қалғанын, орман ішіндегі оқу-жаттығу курсы ойдағыдай өтіп, барлық жағдай жасалғанын айтып берді.

— Мен бүгін баламмен кездескеніме өте қуаныштымын. Өйткені 10 күн болса да бұлай отбасынан ұзаққа шықпаған балаңды қатты уайымдап сағынады екенсін. Кездесу барысында баламның жағдайын көріп қуанып қалдым. Балалар үшін Академияда барлық жағдай жасалғанын, баламның әскері өмірге үйреніп қалғанын, өзін салмақты ұстағанын көріп, бір марқайып қалдым. 10 күнде мынадай тәрбие берген 4 жылда баламды әскери адам етіп тәрбиелейтініне риза болып Академия басшылығына оның қызметкерлеріне шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін,- дейді ата-аналар атынан алғысын білдірген Жалғас Жарасұлы.

Балаларымен қауышқан ата-аналардың қуанышында шек жоқ екендігін кездесу барысында байқадық. Еркін кездесуге жол ашқан академия қызметкерлері де ата-аналармен кездесіп, балаларының жағдайы жақсы екенін, оларға алаңдап уайымдайтындай еш себеп жоқтығын айтып өтті.

Академияның баспасөз хатшысы М. Оспанов