Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының құрылғанына 25 жыл

Бүгінгі күні әлемде даму үшін, өсу үшін, өмір сүру үшін көп таңдаулардың ішінен бейбітшілік жолын көздеген елдің шекарасы да мызғымас халде. Отанымыздың амандығы мен ел тыныштығын күзету жолында өмірлерін арнаған шекара сақшылары да құқық қорғау органдарымен бір мүддедегі күндіз-түні қызметте. Ел шетіне жау келсе алғаш дабыл қағатын, оққа кеуде тосып, болмысындағы тұрмыс-тіршілігін шекара сақшысы күзетіне бағыштаған ұландардың құрылуына 25 жыл болды. Бұл кәсіби мереке Қазақстан Республикасының барлық аумағында, оның ішінде Қостанай қаласында да 2017 жылғы 18 тамызда облыстық Е. Өмірзақов атындағы Қостанай филармонияның концерт залында салтанатты түрде атап өтілді. Аталған қызмет тарихы мен жолында құрбан болғандарды еске ала отырып жүргізілген іс-шараға ардагерлер мен Отан алдындағы борышы мен қызметтегі мақсаты бір органдардың түгелі шақыртылды. Құттықтау рәсіміне Академияның басшылығы және курсанттар да қатысты.

Курсанттарға мұндай жиын Отанға қызмет ету жолы шекарадан бастап, Қазақстанның бүкіл аумағында жүзеге асырылуда екендігі ақпараттық қана емес практикалық таным түрінде әсер берді.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласқан жиналыс әрбір курсантқа қайрат беріп, мамандық бойынша әрі қарай білім алу жолындағы ынта-жігерлерін арттырды.