2017 жылдың талапкерлері Академия есігін ашты

2017 жылдың 18 шілдесінен бастап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында  2017 жылғы талапкерлерді қабылдау күні басталды.

Кеше ғана кешендік тестілеу емтиханын сәтті тапсырған көптеген талапкерлер қазіргі таңда дене шынықтыру емтиханына қызу дайындық үстінде. Бүгіндері ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен Қостанай облысының оқуға түсуші талапкерлер келіп құжаттарын тапсыруда. Ертең Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талапкерлер академия есігін ашады.

Алғаш рет Академия табалдырығын аттаған жас талапкерлерді бүгін Академия бастығы полиция генерал — майоры   Мирлан Ахмедияұлы Қызылов өз орынбасарларымен және бір топ академия қызметкерлерімен жас талапкерлермен кездесіп, танысып, жүздесті.

Оң-солын әлі тани қоймаған талапкерлер Қостанай академиясына оқуға түсу арман екенін және қолдарынан келгенше сүрінбей, академия курсанты атануға бар күш-жігерлерін салатындықтарын кездесу барысында жасырмады.

Кездесу барысында, Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов оқуға келген үміткерлерге бірнеше түрлі сұрақтар қойып,  сөзге тартты.

-Алматы облысынан келген Рүстем Сәрсенәлі;

— Мен осымен екінші рет келіп отырмын. Былтыр құжаттарым түгел болмай 73  балл алып, түсе алмай кетттім. Ал кеше кешендік тестілеуден 110 балл алып, биыл қайтсем де оқуға түсемін деп, келіп отырмын. Спорттан да жақсы дайындық үстіндемін. Маған Алматыда оқығаннан гөрі, Қостанайда оқыған ұнайды  деп,- ішкі сырын жасырмады.

Жасыратыны жоқ биылғы оқуға түсуге келіп отырған үміткерлердің арасында мықты спортшылар, республикалық КВН жарыстарының, көркемсөз оқудың жеңімпаздары және басқа да көптеген талант иелері бар.

Ақтөбеден келген, мектепті қызыл аттестатқа тәмәмдап, ҰБТ –дан 98 балл алған Бек Алмабековтың жауабы көңілімізден шықты.

-Менің осы оқу орнын таңдаған себебім, алдымдағы ішкі істер органында мінсіз қызмет еткен ағамды үлгі тұттым. Кішкентай кезімде сол кісінің нысандық бас киімін киіп суретке түсіп «Сіздей азамат боламын» деп армандаушы едім. Міне бүгінгі күні бір қадам болса да арманым орындалғандай. Құдай қаласа, сәтін салып оқуға түсіп кетсем, Сіздей генерал болуға ниеттенемін Мирлан Ахмедияұлы деді, ішкі сырын жасыра алмаған Бек бауырымыз.

Көңілді әрі позитивті кездесуден кейін Академия бастығы Мирлан Ахмедияұлы дуал сыртына шығып, баласы үшін жанын шүберекке түйіп тұрған  ата-аналармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін естіп, ой бөлісті.

-Егер балаларыңыз дарынды, талантты әрі білімді, спортшы болып, оқуға түсудің барлық талаптарына сәйкес келсе несіне уайымдайсыздар?. Ол талантты бала жерде қалуы мүмкін емес, бәсекелі бәйгеден жүйрік келген кез- келген талапкер біздің оқу орнымыздың курсанты болуға әбден құқылы – деді, ата-аналармен кездескен Академия бастығы полиция генерал – майоры М. Қызылов.

Кездесу барысында ата-аналар да академия басшылығына ақжарма тілектерін айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Қашанда әділдікті, ашықтықты жаны сүйетін генерал мырза, сөз соңында қандай уақытта да халықпен бірге екенін атап өтті.

Халықпен кездесуден кейін Академия басшылығы талапкерлердің денсаулығын тексеріп жатқан дәрігер комиссияның да жұмысымен танысты. Дәрігерлердің айтуы бойынша қазіргі тексеріліп жатқан талапкерлердің арасында заң бұзушылық, денсаулығы оқуға жарамайтын талапкерлердің жоқтығын қуанышпен жеткізді.

Болашақта бақтары жанып, оқуға түскен талапкерлер Академия қабырғасында білім алып, болашақта «лейтенант» арнайы атағын алады. Бізде топқа түсіп бағын сынап жатқан жас талапкерлер іске сәт, жолдарың ақ болсын, дейміз.

Академияның баспасөз қызметі