19 магистр – заң ғылымдарының магистрі атанды

2017 жылдың 17 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында осыдан екі жыл бұрын магистратураға оқуға қабылданған магистрлер магистрлік диссертацияларын ойдағыдай қорғап, аяқтап шықты.


Екі жыл бойы білім нәрімен сусындаған магистрлікке бүгін, Шырақбек Қабылбаевтың ескерткішінің алдында 19 магистрге заң ғылымдарының магистрі деген дипломдар табысталды.

Дипломды табыстар алдында Академия бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов құттықтау сөз сөйлеп, оқуларын сәтті аяқтаған заң ғылымдарының магистрлеріне сәттілік тіледі.


-Құрметті магистрлер, Сіздер шырағы қайта жаңған, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев атамыздың қасиетті қара шаңырағында білім алып, оны сәтті аяқтап отырсыздар. Сіздердің болашақтарыңыз жарқын, әрқайсысыңыз бөлім немесе бөлімше бастығы болуларыңызға тілектеспін. Сіздерді Академия басшылығы атынан шын жүректен құттықтаймыз. Қашанда жорытқанда жолдарыңыз болсын. Қазақ полицейінің беделін, имиджін көтеретін өнегелі ұстаз, батыры болыңыздар, — деді полиция генерал-майоры М. Қызылов.


Құттықтау сөзден кейін, Академия бастығының ғылым жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Сергей Бачурин магистрлерге дипломды тапсыру жөніндегі бұйрықты оқып, дипломды табыстады. Генералдың қолынан диплом алған магистрлердің қуанышында шек болмай, өз алғыстарын жаудырды.


Осы 19 магистрдің ішінде ең үздік оқығандары Академия қабырғасында қызмет етуге қалдырылды.
Салтанатты диплом тапсыру рәсімінен кейін магистрлер Академия басшылығымен естелік фотосуреттерге түсті.

Академияның баспасөз қызметі