Жақсылық жасауға асығайық!

Қамқорлық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Осындай ұранды ұстана отырып Күндізгі оқыту факультетінің 103-топ курсанттарының бастауымен демалыс күндері  қарт адамдарға көмек көрсету кезекті іс-шарасы болып өтті. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру үшін 103-топ курсанттары Қостанай қаласының бірнеше шағын аудандарында болып қайтты.


Қарапайым жанашырлық таныту мен шын жүректен  әңгімелесу қарт адамдардың жалпы жағдайына оң әсер беретіні рас екен. Себебі, қарт адамдардың ауыр сөмкелерін көтерісіп, баспалдақтан өтуіне көмектерін тигізу барысында курсанттар ата-апаларымыздың қызықты оқиғаларын тыңдап, көңілдерін бір көтерді. Сонымен қатар, дәріханадан қажетті дәрі-дәрмектерін жеткізіп берді. Еліміздің бейбіт, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымызға қайырымдылық пен адамгершілік қасиеттерімізді биік ұстап, жылы лебізімізді  аямай, қолдан келген жәрдемімізді ұсыну — біздің парызымыз деп есептейміз.


Тағы да айта кетерлік жағдай, ол мүгедек жандарға көмек беру. Фатима есімді әжейімізді үйіне шығарып салып жатқанда қол арбаға танылған жанның үйіне кіре алмай жатқанына да тап болдық. Курсанттар әрине қуана-қуана көмектесті. Десек те осындай көмекке мұқтаж жандардың кез келген кедергісіз емін-еркін қозғала алмайтыны қынжылатын жағдай. Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Біз де осы бағытта күнделікті қызметімізді одан әрі жалғастыра отырып, олардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне қатысты шараларға кішкене болсын өз  үлесімізді қосуға тырысамыз. Себебі, мұндай шаралар мүгедек жандарды болашаққа деген сенімін арттырып, қоғамнан шет қалдырмауға септігін тигізеді.


«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» дегендей жасы үлкен адамдарды сыйлап, оларға құрмет көрсету, сондай-ақ көмекке зәру адамдарға қол үшін беру ең алдымен өзіміз үшін қасиетті де сауапты іс. Сондықтан біз демалыс күндерін дәл осындай қайырымдылық шарасына арнағанымызға еш өкінбедік және сөз соңында жарқын болашақ, кемелді келешек үшін қажымай еңбек еткен қарттарымызға, мүмкіндігі шектеулі болса да тілегі бір, жүрегі бір жандарға деген құрмет пен ізгі ниет жалғаса берсін демекпіз.

103 – топ курсанты полиция қатарындағы Э. Канатчина
103 – топ жетекшісі полиция майоры Е.Е. Кайнар