Бес нәрседен қашық бол!!!

Қазақ халқының дана бір туар ақыны Абай атамыз адам болу үшін, асық болатын бес қасиет және қашық болатын бес жаман әдетті айтып кеткен екен. Осы қасиеттерді талқылап курсанттарымыздың көкейіне жеткізу мақсатында Қостанай облысы мешітінің найб имамы Сейт Темірбекұлын шақырған болатынбыз.

Өзінің дәрісінде жалқаулық, өтірік айту, бос уәде сияқты адамның атына кір келтіріп, абыройын ойрандайтын жаман қасиеттерге діни тұрғыдан тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Сөз барысында жұмақтың кілтін жат елден іздеп, жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыз жайлы да тоқталды. Басты себеп надандылық екенін тілге тиек ете келіп, рухани қорғанысты күшейтудің бір ғана жолы ілім екендігін, соған басты назар аудару керектігін айтты. Джихад сөзінің мағынасын түсіндіріп, түрлеріне тоқталып, ең бастысы адам өзінің бойындағы нәпсісімен күресе білу және жеңе білу нағыз батырлық деді.

Сөз соңында осындай байланыс орнатып, сауапты іс-әрекеттерге ризашылығын білдіре келе, бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан — жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру –баршамыздың міндетіміз екенін айтты.

202 топ кураторы

полиция аға лейтенанты    Ж. Сабырбеков

 

208 топ кураторы

полиция аға лейтенанты   Н. Турсумбаева